384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысынан Арыс тұрғындарына 24 тонна азық-түлік пен киім-кешек жіберілді

  • 214
  • UPD: 23:29, 25.06.2019

«Арыс. Біз біргеміз» акциясына Ақтөбе облысына қолдау көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Осыдан бірер сағат бұрын 24 тонна азық-түлік пен киім-кешек тиеген жүк көліктері жолға шықты.

Арыстағы ағайынға көмек керсету үшін, Ақтөбеде де жасақталған орталық бүгін күні бойы жұмыс істеді. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының ұйымдастыруымен ашылған орынға тұрғындар тәулік бойы келіп жатты.

Негізінен ең қажетті азық-түлік түрлері мен киім-кишектер әкеліп берді. Одан бөлек қаладағы ірі сауда желілері, кәсіпкерлер, ірі компаниялар тарапынан да қомақты қолдау болды. Тіпті, мұнда жүк көліктерімен келіп түсіріп жатты. Бұл жұмыс бірнеше күнге жалғасатын сыңайлы. Себебі қол ұшын созып жатқандар саны аз емес. Қарапайым қала тұрғындары қолындағы барымен бөлісуге әзір.

Күні бойы жиналған гуманитарлық көмек қазір Түркістан облысына қарай бағыт алды. Ақтөбеліктер қаржылай да қолдау білдіріп жатыр. Түске дейін арнайы қордың есепшотына облыстан 5 миллион теңге аударылғаны мәлім болды. Барлық ірі кәсіпорындар мен бірқатар мекемелердің қызметшілері бір күндік жалақыларын зардап шеккен жандарға көмек ретінде жолдаған.

Ал соңғы ақпараттарға сәйкес, облыс аумағында жұмыс істейтін мұнай-газ саласындағы бір компания 50 миллион теңге қаржы бөлген.

Айта кететін тағы бір ақпарат, Ақтөбеде арнайы штаб құрылды. Оның басты мақсаты – арыстықтарға Ақтөбе өңірінен көрсетілетін көмекті бағыттап және жүйелеп отыру. Жергілікті билік пен кәсіпкерлер арыстық бүлдіршіндерге жазғы демалысты да ұйымдастыруды қолға алған. Жүз бөбекті Ақтөбедегі лагерьлерге орналастыру жөнінде келісім бар.

Авторы: Әнуарбек Мырзатайұлы

Хабар 24 телеарнасы