389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда коммуналдық мекемедегі 300 адам бір күнде жұмыссыз қалды

  • 346
  • UPD: 23:56, 04.07.2019

Ақтаудағы қала жолдарын күтіп ұстаумен айналысатын коммуналдық мекемеден шу шықты, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Таңертең қызметіне келген мамандар жұмыстан босатылғандарын естіп, аң-таң болған. Ал көше тазалығы мен көгалдандыру жұмыстарын жүргізу тендерін басқа компания жеңіп алыпты.

Бір күнде жұмыссыз қалған 300 адам енді ертеңгі күндеріне алаңдап отыр.

Күтпеген жерден жұмыстан босатылған жұмысшылар наразылық танытты. Олар алды – 15, соңы 4-5 жылдан бері қала көшелерін күтіп ұстаумен айналысып келеді. «Әрқайсымыздың мойнымызда несиеміз бар, үйде шиеттей бала-шаға отыр, жұмыссыз оларды қалай асыраймыз», – дейді еңбекшілер.

Ақмаңдай Елеусінова, Қала тұрғыны:

– Бүгін естіп отырмыз жұмыссыз қалғанымызды. Бізге неге 15 күн бұрын, 1-2-ай демей-ақ қояйық,15 күн ішінде бізге неге ескерту бермейді?

Баян Балаханова, қала тұрғыны:

– Неге біз ескертусіз қалдық? Біз «Қала жолдарында» қалғымыз келеді. Бұрыннан істеп келе жатқан жеріміз. Бәріміздің жағдайымызды жасап, уақтылы айлығымызды беріп отырса, қалғымыз келеді.

Облыс орталығындағы көшелердің тазалығы мен көгалдандыруына енді жаңа компания жауапты. Тендерді ұтып алған серіктестік жыл соңына дейін 300 миллион теңгенің жұмысын атқарады.

Қайрат Хайрушев, «Қала жолдары» коммуналдық мекемесінің директоры:

– Мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес, «Қала жолдары» мекемесі қала жолдарын күтіп ұстау жұмысын біз конкурстан ұтылып қалдық. Ол енді бәрі заң шеңберінде, бұл жұмыстармен заң аясында «РЭК» ЖШС айналысатын болады.

Ертеңгі күндерінің не боларын білмей дал болған жұмысшылармен қала әкімі де кездесті. Ол жаңа компания басшысына жұмыстан босатылғандардың барлығын еңбекпен қамтуды тапсырды.

Ғалымжан Ниязов, қала әкімі:

– Қазір заңға сәйкес бәсекелес орта. Бұл мемлекеттік мекеме болмайды. Енді автожолдарды тазалау, қадағалаумен айналысатын 297 адам «РЭК» компаниясына өтеді. Сол күйі жұмыс жасай бересіздер.

Жаңа коммуналдық мекеменің директоры ешкімнің де далада қалмайтынын айтып уәде берді. Сонымен қатар жұмысшылардың бұрынғы жалақысы, зейнетақы мен жазғы демалысқа берілетін өзге де төлемдері сол күйі сақталатын болды.

Авторлары: Гүлмира Әбшева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы