384,36 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыста жарылыстан бүлінген барлық нысанды қалпына келтіру шаралары қарқындады

  • 185
  • UPD: 20:44, 05.07.2019

Арыста 181 үй толық жөндеуден өткізілді. Одан бөлек мыңға жуық баспана жаңғыртылып жатыр.

Қалада банк бөлімшелері мен сауда орталықтары жұмыс істей бастады. Тұрғындарға тұрақты кесте бойынша жалақы, атаулы әлеуметтік көмек және жәрдемақы аударылып жатыр.

Жарылыс салдарынан бүлінген барлық нысанды қалпына келтіру шаралары қарқын алды. 

Арыс қаласы мен маңайындағы елді мекендерді қосқанда 8867 үй бар. Соның 6127-сі жарылыстан зардап шеккен. Жаңғырту жұмыстарына бүгінгі таңда мыңнан астам құрылысшы тартылды.

Сырым Жүсіпов, Шығыс Қазақстан облысы  әкімдігінің өкілі:

- ШҚО 25 мердігер белгіленген. Құрылыс басталып кетті. Біздің сектор бойынша 4 үй жарамсыз. 4 үйде демонтаж жұмыстары басталып кетті қазіргі таңда.

Имамахмұт Шағырбаев, Маңғыстау облысы әкімдігінің өкілі:

- Тұрғын үйлердің зардаптары әртүрлі көлемде. 331 үй негізінен 8 көшеге бөлінген. Жұмысты жүйелі түрде жүргізу мақсатында 8 көшені 8 ірі компанияға жүктеуге шешім қабылданды.  

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары:

- 2-туындап отырған мәселе мектептер, балабақшалар, ауруханалар оларың саны 66. Соны түгел «Самұрық-Қазына» қоры түгел көтеріп отыр өз қаражатына. Қазір құрылыс басталып кетті, 1 айдың ішінде бітеді.

Арыста радиация жоқ. «Ұлттық сараптама орталығының» мамандары осындай мәлімдеме жасады. Радиологтар ауа, су және топырақтан 578 сынама алып, барлығы оң нәтиже көрсеткен. Арыс пен маңайындағы ауылдардан 30 мың 700-дей оқ-дәрі табылған. Олар қаладан 60 шақырым жердегі арнайы қоймаға жеткізіліп, залалсыздандырылып жатыр. Сондықтан тұрғындарға снарядтардан төнетін қауіп жоқ-дейді мамандар. 

Ермиян Биятов, ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі:

- Ақдала. Диірмене ауылдарында табылды. Қазір сол екі ауыл таза, оқдәрі жоқ. Бізде полигон бар, сол жерге мына оқдәріні жинаймыз да, одан кейін утилизацияға кетеді.

Арыста базарлар мен дүкендер ашылды. Дегенмен, қала тұрғындарына азық-түлік тарату жұмыстары жалғасып жатыр. Республика өңірлерінен Арысқа 600 тоннадан астам гуманитарлық көмек келген.

Нағима Әбдіхалықова, Арыс қаласының тұрғыны:

- Халыққа, елге рахмет. Өз атымнан отанымызға Арыс халқының атынан көп-көп рахметімді айтамын. Бізді тамақпен, киіммен қамтамасыз етіп жатыр. Баспанасыз қалдық, ол жағынан да қамтамасыз етіп жатыр. Менің 2 ұлым бар, екеуінің де баспанасы кетіп отыр. Бірақ соны 1 айдың көлемінде қалпына келтіріп береміз деп отыр.

Алдағы 2 аптада Арыс қаласының әрбір тұрғынына 100 мың теңгеден беріле бастайды. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін тиесілі қаржы 44 мың 781 адамның қолына тиеді.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы