384,36 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбелік педагог мүмкіндігі шектеулі балаларға домбыра тартуды үйретіп жүр

  • 134
  • UPD: 14:38, 08.07.2019

Гүлсана Мағзымбетованың ойлап тапқан ерекше әдісіне қазір шетелдіктер де қызығушылық танытып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Тараптар өзара тәжірибе алмасудың қажеттігін атап, келіссөз жүргізуде.

Бір жыл бұрын ғана қолына домбыра алған Дана қазір бірнеше күйді жатқа біледі. Құлағы нашар естігенімен, әрбір шығарманы нақышына келтіре орындайды. Дарынды музыканттан тәлім алғалы бері жаңа достар тауып, ән-күйге деген қызығушылығы артқан. Тіпті, сахнада өнер көрсетіп, марапатқа да ие болды. 

Мәрзия Мұхамбетиярова, қала тұрғыны:

– Менің қызымның есту қабілеті нашар болғанымен, осы үйірмеге келгелі ашыла түскен сыңайлы. 8-9 ай ішінде үйренгені көп. Домбыра тартқанда әр нотаға ерекше мән береді. Бұрын биге, сән өнеріне қатысқан еді. Енді ұлттық музыканы да жаны сүйе бастады.

Бұл топта әртүрлі дертке шалдыққан 30-ға жуық бала бар. Аутизммен ауыратын және психикалық даму мүмкіндігі шектелген жандар да үйірмеге келуді доғарған емес. Себебі, ұстаздары Гүлсана Мағзымбетованың дәрісі оларға ерекше ұнайды. Ол геометриялық фигуралар мен әртүрлі түстер қолдану арқылы домбыра шертуді үйретіп жүр. Өзі ойлап тапқан бұл әдіс бүгінде тың нәтижеге ие. Бір жыл ішінде бірнеше шәкірті облыстық және республикалық деңгейдегі шараларда өнер көрсетті. Топ қатары толыға түскен.

Гүлсана Мағзымбетова, домбыра үйірмесінің жетекшісі:

– Бұл әдістің церебралды сал ауруына шалдыққан жандар үшін жағымды әсері бар секілді. Бізге келген бір бала алғашқыда дұрыс отырмайтын. Қолына домбыра ұстағанымен, еңкейіп тарта алмайтын. Бірақ музыкаға деген қызығушылығы тез оянды. Күйлерді тез жаттап алды. Қазір жақсы орындайды. Тіпті, Грузияда өтетін бір байқауға қатысқалы жатыр.

Үйірменің алғашқы күнінен бастап қатысқан балалар 10 шақты күйді жатқа біледі. Қолына домбыра алғалы бері олардың көңіл-күйі жайланып, өмірге құлшынысы артқан. Ал Гүлсананың әдісін меңгеруге бүгінде Түркия мен Израил мамандарынан ұсыныс көп. Өзі де тәжірибесімен бөлісуге дайын. Ол үшін мобильді қосымша ойлап табуды жоспарлап жүр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Дауытов

Хабар 24 телеарнасы