386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО билігі жалпыға ортақ жағажайға заңсыз дуал тұрғызғандарды сотқа бермек

  • 171
  • UPD: 20:11, 19.07.2019

Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасына демалуға келген туристер кейбір жағажайларға бара алмай жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі сол маңдағы демалыс нысандарының иелері жағаны биік дуалмен қоршап алған.

Алтай аудандық әкімдігінің мәліметі бойынша бүгінге дейін жағаға қоршау тұрғызған 50 жеке нысан анықталды. Ал туристер жағажайға барып суға шомылу үшін ақша төлеуге мәжбүр.  Атқарушы билік енді жалпыға ортақ жағажайға заңсыз дуал тұрғызғандарды сот арқылы тәртіпке шақырмақ.

Бұқтырма су қоймасы басы бүтін мемлекеттің қарамағында. Тек кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға жағажайлардың маңына демалыс нысандарын немесе саяжай салуға шектеулі көлемде жер беріледі. Алайда кейбір кәсіпкерлер жалпыға ортақ жағажайды түгел қоршап тастаған. Енді жағажайға баратын туристерден дуалдан өтерде ақы алады. 

Қоршаудан өте алмағандар тауды асып айналма жолмен жағаға жетеді. Демалысқа келген бір адам тәулігіне аз дегенде 8-10 мың теңге төлейді. Енді жалпыға ортақ жағажайдың да ақылы болғанына наразы. 

Алена Ковылина, демалушы:

– Жағажайға жету мүмкін емес. Жан-жағы толық қоршаулы. Баламен арба сүйреп, тау асып қалай барамын. Бір рет қоршаудан өту үшін үлкен адамдарға мың, ал балалар үшін 500 теңге алады. Сұмдық қой бұл.

Қоршаудан Алтай аудандық әкімдігінің қызметкерлері де өте алмай жүр. Жағажай, шомылатын орын жалпыға ортақ екені су ресурстары турлы заңда анық жазылған. Бірақ ол заңды жеке демалыс насындарының иелері елеп отырған жоқ. 

Анет Ахметжанов, заңгер:

– Су ресурстары туралы екі заң бар. Сол жерде жалпыға ортақ су көздері мен жағаны қоршауға болмайтыны жазылған. Сондықтан кәсіпкерлердің қоғамдық жағажайларды қоршауы да заңсыз.

Заңсыз қоршау тұрғызғандарға Алтай ауданының әкімідігі бұған дейін бірнеше рет оны алу жөнінде хабарлама берген. Бірақ одан еш нәтиже шықпаған. Енді атқарушы билік жағаны заңсыз қоршағандардың әрекетін сотқа беріп, әкімшілік жауапқа тартпақ. Ал дуал сот шешімімен бұзылатын болады. Одан соң қоғамдық жағажайларды көбейтпек.

Вячеслав Князев, Алтай аудандық туризм бөлімінің басшысы:

– Соңғы үш жылда жағадағы жер учаскелеріне түгендеу жүргіздік. Жерді игермегендерден қайта алып жатырмыз. Әуеден фото-суретін түсіріп, әр аумақтың электрондық құжатын жасап қойдық.

Бүгінде Бұқтырманың жағасында үлкенді-кішілі 549 демалыс нысаны бар. Енді атқарушы билік арнайы қаржы бөліп, осы нысандардың әрқайсысын интернет-порталға енгізбек. Нәтижесінде қанша туристің келгеніне көз жеткізеді. Бұл табысын жасыратын кәсіпкерлерге де тосқауыл болады. Ал интернет порталға жұмсалған қаржы демалыс нысандарының төлеген салығы арқылы қайтарылады.

Авторлары: Олжас Керейхан, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы