386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлттық кеңес мүшелерінің мақсат-мүддесі қандай?

  • 203
  • UPD: 20:09, 22.07.2019

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің елді алаңдатқан мәселелерден қаншалықты хабары бар?

Егер сенімге селкеу түсірсе, кеңес құрамынан шығуға дайын ба? Бүгін осы мәселелер Президент жанындағы жаңа орган қызметін түсіндіруге арналған жиында көтерілді. Бірқатар қоғам белсендісі ұсыныстарын да ортаға салды.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері халықты алаңдатқан қандай мәселелерді көтереді? Көптің көкейіндегі бұл сауалға бүгін сол орган құрамына енгендердің бір парасы жауап берді. Бірі митинг туралы заңды өзгертуді талап ететінін айтса, енді бірі қазақстандық еңбеккерлердің жалақысын шетелдіктерден кем қылмауды басты мақсат санап отыр.

Ерлан Сайыров, ҚР кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары:

– Қоғамдық-саяси саладағы заңдарды өзгерту керек. Ол: митинг туралы, партиялар туралы, ақпарат туралы сосын сайлау туралы. Осы төрт заңды пакет ретінде біз Парламентке жіберіп, қабылданатын болса, онда еліміздегі қоғамдық-саяси саланы либеризацияладық деп айтуға негіз бар.

Жеміс Тұрмағамбетова, «Адам құқықтары хартиясы» қоғамдық кеңесінің атқарушы директоры:

– Сенім кеңесі қазір қоғам тарапынан қатты сыналып жатыр. Бірақ біз бұл пікір алаңының шын мәнінде ықпалды органға айналатынын дәлелдегіміз келеді. Мәселен, қазір көпшілікті жергілікті және шетелдік жұмысшылар жалақысының арасындағы теңсіздік алаңдатады. Жақында Теңіз кен орнында болған жағдайға сол кемшіліктің әсері тиді. Енді қазақстандық жұмысшылар көп жалақы алсын десек, оларды оқытып, біліктілігін арттырып отыруымыз керек.

Жалақы жайына келгенде, мұғалімдер мен дәрігерлер де ескерусіз қалмау қажет. Көбіне осы сала қызметкерлерінің табысы табан ақы, маңдай теріне татымай жатады.

Рахым Ошақбаев, «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры:

– Білім саласын дамытуға ұлттық қор қаражатын жұмсауға ештеңе кедергі болмайды деп ойлаймын. Жауапты министрлік қазір арнайы бағдарлама әзірлеп жатыр. Ең алдымен мұғалімдерге келер жылдан бастап жоғары жалақы төлеу қажет. Олар келешек ұрпақ тәрбиелеуге жауапты болғандықтан, еңбекақылары республикалық деңгейдегі орташа көрсеткіштен кем болмауы керек. Сондықтан ұлттық қордан жыл сайын қосымша 2 миллиард теңге бөлуді ұсынамын.

Кеңес құрамында 40-тан аса қоғам белсендісі бар. Қай-қайсы да бұқара тарапынан көтерілетін мәселелерді билікке жеткізуге міндетті. «Егер сенімге селкеу түсірсек, өз еркімізбен кеңестен шығуға дайынбыз», - дейді көпшілігі.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Жандос Битабаров, Әліби Жүніс

Хабар 24 телеарнасы