386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстаулық жастар көмекке зәру қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға жәрдем беруде

  • 189
  • UPD: 22:00, 22.07.2019

Маңғыстау облысында жастардың мұрындық болуымен қайырымдылық жобасы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ерікті жастар Ақтау қаласы мен облыс орталығына жақын маңдағы елді мекендерде тұратын көмекке зәру жалғызбасты қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға жәрдем беруде. Үйін тазалап, теңіз жағалауына серуендетеді. Тіпті шаштарын қиып, косметологиялық көмек те көрсетеді. Ақысыз қызмет атқарып жүрген қайырымды жандардың қатарында Оксфордта оқып жүрген студенттер де бар.

72 жастағы Людмила Крамаровская үйде жалғыз өзі тұрады. Әжейдің екі жыл бұрын жолдасы мен ұлы қайтыс болған. Қыздары шетелде тұрмыста. Зейнеткердің ауланы қоқыстан, бақшаны арамшөптен тазартып, жасыл желектерді суғаруға қауқары жетпей жүр еді. Бүгін қарияға көмекке ерікті жастар келді. Жастардың біреуі үйді жиыстырып жатса, екіншісі әжейдің дәрі-дәрмектерін ретке келтіріп, ал қалғаны ауланы сыпырып, тазартып берді. Қазір сантехник келіп, ас үйдегі су жүйесін жөндеуге кірісетін болады.

Людмила Крамаровская, зейнеткер:

– Мен әлемде ізгі ниетті жандардың көп екенін үнемі айтып жүруші едім. Маған да бір күні қайырымды жандардың көмегі келіп жететініне сенімім мол болатын. Енді міне күннің аптап ыстығына қарамастан жастар менің ауламды жиыстырып жатыр. Жастарға тағы бір өтінішім бар. Мүмкіндік болса, үйімнің шатырын жөндеуге көмек беруін сұраймын.

Бұл жобаның мақсаты – тек қана мұқтаж жандарға көмек беру ғана емес, ол сонымен қатар жас өрендерді жанашырлыққа, ізгілікке баулу миссиясын да орындамақ. Қайырымдылық акциясы маусымның бірінен басталды. Бүгінгі таңда еріктілердің қатары көбейе түсуде. Олар арнайы кестеге сәйкес мұқтаж жандарға көмек беріп жатыр. Әзірге тізімде 20 адам бар.

Мирас Төрешов, ерікті:

– Одан бөлек, мүгедек жандарға арнайы үйіне барып, шаштараз жұмысымен айналысамыз. Және де бізде Ақтау қаласында теңіз жағасында жағажай ашылды, арнайы мүгедек жандарға арналып. Біз ол жерге оларды арбаға отырғызып, суда шомылдырамыз. Құмға ойнатамыз. Онда барлық жағдай жасалған.

Ерсұлтан Қасымов, ерікті:

– Мен Оксфордтан жазғы демалысқа келген едім. Жақында осы жоба жайлы естіп, жастардың қатарына қосылдым. Көмекке зәру жандарға жәрдем бергім келеді. Әзірге бос уақытым көп, сондықтан оны пайдалы қылып өткізсем деген ойым бар. 

Еріктілерге мұқтаж жандардың тізімін аудандық әлеуметтік қамту бөлімдері береді. Тізім бойынша көмекке зәру жандарға хабарласып, кімге қандай көмек керек екенін анықтайды. Барлық қызмет пен көмек тегін көрсетіледі. Жоба қарашаға дейін жалғасады. Еріктілер 300-ге жуық мұқтаж жанға жәрдем беруді жоспарлап отыр.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы