386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандағы табиғат қорғау инспекторының қару қолданудағы құзыреті шектеулі

  • 149
  • UPD: 10:17, 24.07.2019

Тағы бір табиғат қорықшысы браконьерлер қолынан  мерт болды. Ақмола облысында киік атқан қарақшылардың ізіне түскен 43 жастағы «Охотзоопром» инспекторы кеудесіне тиген оқтан дәрігерлер келгенше жан тапсырған. Ал оның әріптесі жаралы.

Дәрігерлер оның жағдайы ауыр деп отыр. Қылмыскерлер болса іздестірілуде. Ал қылмыстың тергелу барысы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың жіті бақылауында болмақ.

Оқиға бүгін сағат 11:00 шамасында Жарқайың ауданында тіркелді. Қызмет бабында жүрген қорықшылар, сол аумақта тұрған «Нива» автокөлігін тексермек болғаны сол екен, кенет оларға оқ атылған. Салдарынан қорықшының бірі Қаныш Нұртазинов ауруханаға жетпей, жолда көз жұмды. Тағы бір өкініштісі марқұмның артында 5 баласы қалды.

Қаныш Серікұлы Нұртазинов Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Қоскөл ауылының тұрғыны. 1976 жылы 24 қаңтарда дүниеге келген. «Охотзоопром» кәсіпорнына 2016 жылдың 5 қаңтарында жұмысқа тұрған екен.

Ал екінші жараланған қорықшы қазір Жарқайың аудандық ауруханасында жатыр.

Махамбет Досмұратов, Жарқайың аудандық ауруханасының бөлім меңгерушісі:

- Жарқайың аудандық ауруханасында жатқан екінші қорықшы Оспанов Самат Қошкелдинович 1975 жылғы тумасы, Жағдайы ауыр, тұрақты. Бақылау барысында нашарлаусыз. Облыстық мамандар қарап жағдайын тағы да бағалап, соған сәйкес Республикалық санавиация келген соң консилиум жүргізіп, соған сәйкес облыстық көлемде немесе аудандық ауруханада емделу жағы шешіледі.

Заңды белшесінен басқан қарақшылар Қостанай облысына тиесілі ақ түсті «Нива» маркалы көлігін тізгіндеген. Қазір полиция бөлімі күдіктілерді іздестіріп жатыр. Кісі өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар қызмет бабында қаза тапқан Қаныш Нұртазиновтың отбасына материалдың көмек беру мәселесі де ұмыт қалмады.

Талғат Ердешов, ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, аңшылық шаруашылығы басқармасының бас сарапшысы:

- Жерлеуге 100 МРП ақшалай көмек беріледі отбасына. Одан кейін балалары кәмелеттік жасқа толмаған соң 18 жасқа дейін көмек беріліп отырады.

Жалпы браконьерлердің қорықшыларды жер жастандыруының бұл бірінші жағдайы емес. Дәл осындай оқиға биыл қаңтар айында Қарағанды облысында болған еді. Онда тағы бір табиғатты қорғау инспекторы Ерлан Нұрғалиев браконьерлердің қолынан қаза тапқан болатын. 

Ал өкініштісі сол, қазақстандық табиғатты қорғау инспекторлары қаруы болғанымен оны қолдану мүмкіндігі шектеулі. Яғни өзін өзі қорғайтын сәтте қарақшыға бағыттап оқ атуға рұқсат жоқ.

Талғат Ердешов, ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, аңшылық шаруашылығы басқармасының бас сарапшысы:

- Браконьерліктерге қарсы қолданатын шараларды қатаңдату мәселесін қарастырып біз. Қазір сенатта қаралып жатыр. Браконьерлер жазық далада оларды ұстаған кезде бірінші ескертіп атып тоқтатады. Инспекторларға өміріне қауіп төнген кезде қаруды пайдалануға тура келеді.

Сарапшылардың айтуынша, бұған дейін жабайы аңды заңсыз атқан адам айыппұл салумен ғана шектеліп келген. Парламенттің жоғарғы палатасында қаралып жатқан құжатқа енді өзгерістер енгізілмек. Онда қызыл кітапқа енген жануарды заңсыз атқандарды бас бостандығынан айыру туралы ұсыныс бар. Ал қорықшыларды қорғау мәселесі әлі де толық жетілдірілген жоқ. Браконьерлердің жазық далада жазасыз тайраңдап, қорықшыларға қару қолданып жүргені де сол.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Әнуар Тәуекелов

Хабар 24 телеарнасы