386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада өрт сөндірушілер тапшы

  • 132
  • UPD: 23:18, 06.08.2019

Ауыл-аймақты айтпай-ақ қояйық, елорданың өзінде өрт сөндірушілер жетіспейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жергілікті өрт сөндіру бөлімдерінде 150-ге жуық маманның орны бос тұр.

Орда бұзар жасқа таяған Талғат Шегенов – өрт сөндіруші. Сонымен қатар кәсіби спортшы. Халықаралық жарыстарда қазақ күресінен бірнеше мәрте жеңімпаз атанып, жүлделі орындардан көрінген. Бүгінде қызыл жалынмен алысып жүргеніне 5 жыл толды. Қызметінің қауіпті екенін жасырмайды. Оның айтуынша, тәулігіне 15 шақыртуға дейін түсіп тұрады.

Талғат Шегенов, өрт сөндіруші:

– Бала кезімнен армандаған қызметім, осыған қол жеткізіп, қазір осы салада жұмыс істеп жатырмын. Өрт сөндіруге келгенде, бұл өте қауіпті жұмыс. Өйткені өртпен күресу, адам құтқару – ең жауапты жұмыс.

Өрт сөндіруші болу бәріне бірдей бұйырмаған. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін мамандық түрі. Өйткені тілсіз жауды ауыздықтау үшін әр секунд маңызды, дейді мұндағылар. Жылдамдықпен қатар, физикалық күш пен ептілік қажет. Бұл ретте қызыл жалынмен күресем деген жас мамандарға өзін байқап көруге кезекті мүмкіндік туып отыр. Неге десеңіз, елорда бойынша бүгінде кадрлар тапшылығы байқалатыны рас.

Бахтияр Мусин, қалалық төтенше жағдайлар департаментінің кадрлық саясат бөлімінің басшысы:

– Бүгінде қалалық өрт сөндіру қызметінде бос жұмыс орындары бар. Осыған байланысты жас мамандар арасында арнайы байқау да жарияланып отыр. Бірінші кезекте негізгі үш санатқа басымдық беріледі. Олар: өрт сөндіруші мен құтқарушы, өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі және аудандық жедел желі қызметкерлері. Басты талапқа әскери билеті, кәсіби және физикалық даярлығы негізге алынады. Артынша медициналық тексеруден өтіп, физикалық дайындығын дәлелдеуі керек.

Бір өкініштісі, соңғы 2 жылда ел бойынша өрт деректері азаймай отыр. Мәселен, өткен жылы 7500-ден астам өрт дерегі тіркелсе, биылғы көрсеткіш 200 жағдайға көп. Ал адам шығыны бойынша керісінше. Былтырғы жылғы кезеңде тілсіз жаудан 250-ден астам азамат қаза тапса, биыл жыл басынан 173 адам ажал құшқан. Айта кетейік, бүгінде елордада 1200 өрт сөндіруші қызмет етеді.

Авторлары: Мейірлан Алтынбек, Аят Дүйсембаев, Ербол Даиров

Хабар 24 телеарнасы