386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайлық диқандарды астық шығымы алаңдатып отыр

  • 106
  • UPD: 09:26, 08.08.2019

Қостанайлық диқандар алдағы аптада күзгі дала жұмыстарына кіріспек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дегенмен көпшілікті астық шығымы алаңдатып отыр. Жаз бойы тұрған аптап ыстықтан бірқатар аудандардағы танаптар күйіп кеткен.

Данияр Сұлтан, тілші:

– Облыстағы шығымдылығы мол танаптардың бірі осы жерде. Былтыр гектар берекелігі 40 центнерден асып түскен, ал биыл бұл көрсеткіш екі есе төмендеуі мүмкін. Егер жақын арада 10 миллиметрдей ылғал түспесе, онда шығын көлемі одан бетер ұлғаюы әбден ықтимал.

Владимир Черненко жаз бойғы аптап ыстықты ешқашан көрген емес. Үш аптадай тұрған шіліңгір ыстық тәжірибелі шаруаға зиянын тигізген. Бидай масақтары пісіп-жетілмеген. Ал егін оратын кезең күн санап жақындап келеді.

Владимир Черненко, шаруа:

– Екі айдың ішінде ең көп дегенде 13 миллиметрдей жауын-шашын түсті. Жер жарылып, масақтар қурап қалған. Қазір ылғал жарты метр тереңдікте жатыр.

Биылғы қуаңшылық жылда егін бітік шығатын аудандарды да айналып өтпеді. Облыстағы егістің 15 проценті күйіп кетті. Әсіресе, оңтүстіктегі танаптардың жағдайы қиын.  

Жансұлтан Таукенов, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Жердегі ылғалдың аздығынан танаптардың 613 мың гектары зардап шекті. Жалпы егіс көлемінің 45 процентінің жай-күйі қанағаттанарлық. Былтырға қарағанда биыл мол өнімге кепіл жоқ.

Шаруалар құрғақшылықтан өз алқаптарын сақтандыруға асық. Бүгінде екі қожалық агросақтандыру жүйесіне жүгініп, өтемақыға өтініш берген.

Нұрсұлтан Қабделов, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы:

– Бірде-бір жаңбыр түспеген аудандар жоқ. Әрбір ауданда уақытында өздерінің жаңбырлары болды. Кейбір аудандарда мамыр айында болса, кейбіреуінде маусымда болды. Бірақ жеткіліксіз.

Күзгі дала жұмыстары кезінде диқандар шамамен 5 млн гектардай алқаптан өнімді терім алады. Осы мақсатта арзандатылған бағамен 75 мың тонна дизельді отын бөлінген. Сыйымдылығы 8 млн тоннаға жуықтайтын астық қабылдау кәсіпорындары дайын тұр.

Авторлары: Данияр Сұлтан, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы