387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында 467 білім нысанында өрт қауіпсіздігі ережелері бұзылған

  • 121
  • UPD: 09:13, 28.08.2019

Ақмола облысында биыл 467 білім нысанында өрт қауіпсіздігінің ережелері бұзылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құзырлы органдардың қадағалауымен олардың басым бөлігі олқылықтарды ретке келтіріпті. Ал, қауіпсіздікке тиісті деңгейде көңіл бөлмеген мекемелердің басшыларына айыппұл салынады. Жалпы төтенше жағдайлар қызметінің мамандары білім ошақтарын тексеру барысында қандай мәселелерге қатты мән береді?

Білім ошақтарындағы өрт қауіпсіздігінің сақталуын мамандар дәл осылай жылына екі рет тексереді. Біріншісі, көктемде жоспарлы түрде жүзеге асса, екіншісінде, яғни, тамыз айында кеткен кемшіліктердің ретке келтірілгеніне инженерлер көз жеткізулері тиіс. Ал ең көп кездесетін олқылықтардың бірі – дабыл белгісінің дұрыс жұмыс істемеуі.

Дабылдан бөлек, электр сымдары мен құралдарының дұрыс қосылуы және жалғануы, эвакуациялық шығу жолдарының кедергісіз болуы секілді барлық жағдайлар жіті тексеріледі. Ал, бұлар қауіпсіздік ережесіне сай болмаса, оның арты оқыс оқиғаларға алып келуі әбден мүмкін.

Азамат Жақсыбаев, қалалық ТЖБ аға инженері:

- Мысалы, сигнализацияның дұрыс істемеуі салдарынан адамдар өздері кеш біліп, далаға тез шығуына кері әсер етеді және тағы да эвакуациялық жолдарды, есіктерді парталармен және кілемдермен, мектептің осы тұрмыстық заттарымен қоршап тастайды. Сол себепті адамдар шыға алмайды. Кейбір есіктер жабылып тұрады.

Болат Сейітов, мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары:

- Біз осы жылы 19 дана өрт сөндіргіш құрал сатып алдық. Оқу жылы басталған соң оқушылар мен мұғалімдерге эвакуациялық шығу жолдарын көрсетіп, оқу-жаттығу жұмыстарын өткіземіз. Ал, бүгін анықталған аздаған кемшіліктерді алдағы 5 күннің ішінде ретке келтіреміз.

Жалпы Ақмола облысында 900-ге жуық білім нысаны бар болса, олардың басым көпшілігі мектептер мен балабақшалар. Ал, биыл солардың 679-ы тексеріліп, жартысынан астамынан заңбұзушылық анықталып отыр.

Алексей Советов, облыстық ТЖД басшысы:

- Көктемде өтетін тексеріс барысында анықталған заңбұзушылықтар бойынша жауаптылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың көбісі кейіннен олқылықтарды ретке келтірді. Ал, осы күнге дейін кемшіліктерді қалыпқа келтірмеген 46 нысанның басшылығына тағы да айыппұл салынды. Енді олардың ісін біз ары қарай әкімшілік сотқа жібереміз.

Абырой болғанда соңғы жылдары білім ошақтарында өрт дерегі тіркелмеген. Тек 2016 жылы Зеренді ауданында ауыл мектебінің қазандығы жарылып, нысанның шатырын жалын шарпыған болатын.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный,

Хабар 24 телеарнасы