386,67 424,50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыдағы суретшілер үйлердің қабырғаларын безендірді

  • 129
  • UPD: 09:35, 31.08.2019

Алматыдағы суретшілер үйлердің қабырғаларын безендіріп, жаңа кейіпке енгізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір қалада граффити жанрындағы 50-ден астам туындыны көруге болады. Бұларды Алматыда өтетін жыл сайынғы фестивальға қатысушылар салған.

Алатаудың баурайында орын тепкен қаланың әсемдігі өз алдына, сүрең түсті үйлердің өнер туындысына айналуы да көз тоқтатарлық көрініс. Мына туындының авторы Беларусь суретшісі Александр Благий. Бар болғаны екі күннің ішінде қабырғада кішкентай қыздың бейнесі көріне бастағандай.

Александр Благий, суретші-муралист (Беларусь):

- Мұнда Тамғалы тас кешенінде петроглифтер салып отырған қыздың суреті болады. Оның жанындағы орындықта Алматының апорты да бар. Граффити, суретші ретінде өзіме осы тақырып жақын. Себебі, бұл өнердің негізі осы петроглифтер деп айтар едім.

Мұндай өнер туындыларын жасау үшін суретішге тек шығармашылық қана емес, батылдық та керек. Көпқабатты үйлердің қабырғасын әсемдеу үшін олар 15-20 метр биіктікке шығып, жұмыс жасайды. «Бірақ ең бастысы, тұрғындардың ықыласы», - дейді тағы бір картинаның авторы Мұхит Дулу. Бұл суретте этникалық және заманауи нақыштар бір арнаға тоғысқан. Көк бөрі адам баласын бауырына басып, қорғап тұр.

Мұхит Дулу, суретші- муралист:

- Түркі халықтарының пірі көк бөрі деген аңыз бар. Бұл суреттер жиынтығы осы тұрғыда. Менің ойымша, ол қазіргі жас буынның өткенге зер салуына түрткі болады деп ойлаймын.

Екі суретші де, жыл сайын өтетін «Mural Fest» фестивалінің қатысушысы. Мурал қабырғадағы сурет деген мағына білдіреді. Ал, Алматыдағы көпқабатты үйлердің қабырғаларына 10 елдің 30-дан астам суретшісі қолтаңбаларын қалдырды. Олар 50-ге жуық сурет салған. Биыл тағы 8-туынды көпшілік назарына ұсынылмақ. Әрине, оның барлығы жергілікті биліктің рұқсатымен салынады. Қабырғалардағы туындылар негізінен отбасы, спорт, достық, махаббат тақырыптарын қамтиды.

Авторлары: Алуа Маханбет, Александра Салмина, Сержан Жұмабаев, Ерлан Шалбаев

Хабар 24 телеарнасы