389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев: Мұғалімдердің жалақысы келесі жылдан бастап 25% өседі

  • 631
  • UPD: 19:25, 02.09.2019

Келесі жылдан бастап еліміздегі мұғалімдердің жалақысы 25 процентке өседі.

Мемлекет басшысы халыққа жолдауында осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар қауымының мәртебесін арттыруға қатысты шараларды дереу қолға алуды тапсырды. Одан бөлек, шалғайдағы елді мекендерге білікті мамандарды жұмылдыру қажеттігін айтты.

Елімізде жұмыссыз жүрген жастар көп. Мемлекет басшысы жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі жоғарғы оқу орындарына түсе алмай қалады деді. Кәсіби білімнің жоқтығынан түрлі ағымдардың жетегінде кетеді яки ұрлық-қарлыққа барады, қылмыс жасайды. Сөйтіп, талай түлектің тағдыры талқандалады. Президент мұны білім беру жүйесіндегі шикілікпен байланыстырды. Бізде бала оқытқанда еңбек нарығы есепке алынбайды. Оқу бітірген түлектің жұмыс таппай, сергелдеңге салынатыны сондықтан.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат – орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс. Экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары. Бірақ мүмкіндіктер аз. Кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр. Осындай келеңсіз жағдайды жедел түзетуіміз керек.

Қала мен ауылдағы мектептердің сиқы бөлек. Ондағы білім беру сапасы да салыстыруға келмейді. Шалғайдағы елді мекендерде білікті ұстаздар тапшы. Жақсы маманның шетке кеткісі жоқ. Осы олқылықты түзеу үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы әзірленіп еді. Бірақ нәтижесі ел күткендей емес. Сондықтан Мемлекет басшысы бағдарламаның аясын кеңейтуді тапсырды. Қаржыландыру келесі жылдан бастап 20 млрд теңгеге ұлғаяды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керек. Аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырамын.   

Диплом сатып, қалтасын қалыңдатып жатқандарға енді тықыр таянады. Қасым-Жомарт Тоқаев араны ашылғандармен күрес тіптен күшейеді деді. Бұдан былай, жоғарғы оқу орындарының деңгейі – түлектердің жұмысқа орналасуымен өлшенеді. Оқулықтағы олқылықтар да жұрттың шымбайына әбден батқан. Мемлекет басшысы осы тектес мәселелердің барлығы білікті ұстаздардың аздығынан туындап отыр деді. Сондықтан мұғалімдердің мәртебесін дереу арттырып, олардың табысын еселеуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз.

Ұстаздарды бөтен жұмыстарға жегу де сап тыйылады. Білім және ғылым министрлігі «Педагогтардың мәртебесі» туралы заң жобасын әзірлеп үлгерген. Парламент қарауына жіберіліпті. Мұғалімдер тек бала оқытуға ғана бас ауыртуы керек. Ал бөгде жұмыстарға жұмсайтындар қатаң жауапкершілікке тартылады.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

– Бізде білім саласын бақылау бойынша тиісті департамент бар. Сондағы қызметкерлер осы мәселені бақылайтын болады. Мұғалім сабақ берумен айналысуы керек. Мұғалім тәрбие берумен айналысуы керек. Егер мұғалімді біз көше сыпыртып қойсақ, бізде ешқандай да сапалы білім болмайды.

Көнбіс ұстаздар көп бізде. Құқықтары аяққа тапталып жатса да, жұмған ауыздарын ашпайды. Министрлік мұны теріс дейді. Екі елі ауызға төрт елі қақпақ қоятын кез келмеске кетті. Сондықтан ұстаздар қауымы белсенді болуы керек.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы