389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәжіліс Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жобасымен танысты

  • 254
  • UPD: 23:26, 10.09.2019

Бүгін Мәжіліс Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жобасымен танысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттік органдардың шешімі мен әрекетіне қатысты дау туындаған жағдайда азаматтардың құқы билік тарапымен тең деңгейде қорғалуы тиіс.

Бұл туралы мемлекет басшысы жуырда халыққа жолдауында тапсырды. Бүгін Мәжілісте арнайы заң жобасын талқылауға ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері, заңгерлер мен қоғамдық бірлестік өкілдері де шақырылған.

Адам құқы, азаматтардың қауіпсіздігі - заң үстемдік құрған, саяси толысып жетілген мемлекетте толық қорғалуы тиіс. Президент тапсырмасын орындау үшін Жоғарғы сот пен әділет министрлігі Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жобасын әзірледі.

Наталья Пан, ҚР Әділет министрінің орынбасары:

- Кодекс қабылданса, қоғамның басқару шешімдеріне белсене қатысу кепілдігін бекітеді. Билік органдарымен арада дау туындаса, азаматтардың құқын тиімді қорғау механизмдері орнатылады.

Себебі қазір көп жағдайда дау кезінде кәсіби, білікті заңгерлері бар мемлекеттік органдармен текетіресте қарапайым азамат жеңіліс табады. «Жоба теңдік әкеледі», - дейді депутаттар.

Балайым Кесебаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бір жағында мемлекеттік орган, мемлекеттік аппарат тұратын болса, екінші жағында қарапайым азамат. Ол өзінің білім деңгейінің арқасында, өзінің мүмкіндігінің арқасында өзінің шындығын дәлелдеу үшін оның мүмкіндігі аз болатын. Ал қазіргі жаңа кодекс талаптарына сәйкес билік органының оның кінәлілігі презумцияланатын болады.

Мәжіліске әдеттегідей халыққа қажетті жобаны талқылауға қоғам белсенділері, тәуелсіз сарапшылар мен заңгерлерді шақырылды. Себебі қоғам атынан олар жұмыс тобына өз ұсыныстарын жеткізе алады.

Айдос Сарым, Саясаттанушы, қоғам белсендісі:

- Қатысып, өз пікірімді айтуға дайынмын, ең басты мәселе – осының бәрін дәлелдеп шықса. Адамның құқығы, өмірі ең басты құндылық, принцип болып табылады деді. «Судьяларымыз өте белсенді болу керек» дейді, «қарап отырмау керек, мемлкеттік органның ықпалына түспеу керек», дейді. «Яғни азаматтардың құқығын қорғауы тиіс» дейді.

Сот бүгінге дейін тек тараптар шама-шарқынша жеткізген дәлелдерге сүйеніп, үкім шығарып келсе, енді жаңа жобада судьяның өзі дәлел-дәйек өзі жинауға құқылы. Тағы бір өзгеріс.

Заң негізінде азамат сотқа дейін билік органына шағымдана алады. Ал мемлекеттік мекеме арызданушыны шешім шығару процесіне толық қатыстыруға міндетті.

Қанат Мусин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Судьялардың мүмкіндігі кеңейетін болды. Бұл жоба азамат пен мемлекеттің арасындағы қарым-қатынастың жаңа парадигмасын құрады. Қазіргі заңда қарапайым жан билік шешімімен келіспесе, себебін, дәлелін әкелуге міндетті болса, жаңа құжатта арызданған адамның әрекеті алдын ала дұрыс деп танылып, мемлекеттік орган өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті болады.

Заң жобасы жұмыс топтарында әлі талай талқыланады. Азаматтық қоғамның да барлық ұсыныстары ескеріледі.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Айбын Құсанбеков

Хабар 24 телеарнасы