386,44 428,48 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оқушының сөмкесі неге ауыр?

  • 246
  • UPD: 22:29, 17.10.2019

Оқушы сөмкесі шамадан тыс ауыр болса, мектеп әкімшілігіне айыппұл салынуы керек.

Елордадағы тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары білім мекемелеріндегі тексеру парағына осындай бап енгізуді сұрайды. Бұл бастаманы көпшілік қолдап отыр. Ата-аналардың айтуынша, бірінші сынып оқушысының сөмкесін бала тұрмақ, ересек адамның өзі әзер алып жүреді. 

Ольга Зуева бірінші сыныпта оқитын ұлының ауыр сөмке арқалайтынына алаңдайды. Күніне бірнеше сабақ болады. Үш кітаптың өзінің айтарлықтай салмағы бар. Оқулықпен қоса әрқайсысының жұмыс дәптерін де алып баруға міндетті.

Ольга Зуева, қала тұрғыны:

– Оқушы сөмкесінің шамадан тыс ауырлығы барлық ата-аналарды қынжылтады. Әсіресе, 6 жасқа енді толған балаларға обал. Мәселен, мен ең жеңіл деген сөмкені алдым. Соның өзі оқу-құралдарын салғанда 4 келіден асып кетеді. Бірінші сыныпқа енді барған бүлдіршіндер осыны тасуға мәжүр болады. Балам соңғы кезде арқам ауырады деп жүр.

Жаңа оқу жылы басталғалы бері елорданың тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары 13 мектепті аралап, сөмке салмағын өлшеп көрген. Мониторинг нәтижесі көңіл қөншітпейді. 1-5-сыныпқа дейінгі мектеп оқушылары сөмкесінің салмағы мөлшерден 2,5 есе асып түскен. Буыны қатпаған баланың шамадан тыс ауырды көтеруі денсаулыққа кері әсерін тигізетіні айтпаса түсінікті.

Сәдуақас Байғабылов, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:

– Ұдайы ауыр көтергеннен баланың белі қолы, мойыны ауыра бастайды. Ауыр салмақ оқушының омыртқа жотасына, арқа бұлшық еттеріне, тірек-қимыл жүйесіне кері әсерін тигізеді. Жүре келе, оның салдары басқа аурулардың шығуына әкеледі.

Оқушының ауыр сөмкесі туралы талай рет айтылды. Десе де әлі күнге дейін нақты шешімі табылған жоқ. Мәселен, сөмкесін көтере алмай құлап қалған мына баланың видеосы әлеуметтік желіде көпшіліктің қызу талқысына түсті.

Министрлік те қарап отырған жоқ. олардың да сөмкеге қатысты әр түрлі ұсыныстары бар. Бірақ әлі бір шешімге келмеді.

Айгүл Жұмағұлова, ҚР БҒМ мектепке дейінгі және орта білім департаментінің бас сарапшысы:

– Оқушылардың кітаптары ғана емес, сөмкесі де ауыр болуы мүмкін. Балалар қосымша ойыншықтар апарады. Су апарады. Тамақтары бар. Осының бәрі салмақ түсіреді.

Ата-аналар жауапты органдарды күтпей, бұл мәселені өздері шешуге кіріскен. Әрине оны барлық ата-ананың қалтасы көтермейді.

Марина Федоренко, қала тұрғыны:

– Оқулық бойынша келесі тақырыптың көшірмесін жасаймын. Оның өзі бірнеше бет болады. Балам кітаптың орнына соны алып барады. Сөмкесі 4 келіге жуық. Оған қоса ауыстырып киетін аяқ киімі бар. Ауыр болып кетпесін деп суды да аз құйып беремін.  

Мамандар Денсаулық сақтау министрлігіне мектептерді бақылауға қатысты тексеру парағына қосымша пункт енгізуді ұсынып отыр. Атап айтқанда, мектеп сөмкесінің салмағын бақылауды қатаңдатуды сұрайды.

Хабар 24 телеарнасы