388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында жыл соңына дейін 1,3 миллионнан астам көшет отырғызылады

  • 217
  • UPD: 22:13, 19.10.2019

Түркістан облысында жыл соңына дейін 1 млн 300 мың көшет егіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша, Түркістан қаласының айналасында «Жасыл белдеу» құрылады. Әзірге 600 мыңдай тал егілген. Президент тапсырмасы бойынша биылдан бастап облыс орталығын жасыл қалаға айналдыру үшін апта сайын сенбілік ұйымдастырылып,  жаңа айтқанымыздай, көшеттер егіліп келеді. Бүгінгі сенбілікке өңір басшылығы, облыстық басқармалар мен департаменттер қызметкерлері және жергілікті тұрғындар қатысты.

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын». Осыны алға тартқан түркістандықтар бүгін тұрғылықты елді мекендерін қоқыстан тазартып, туған жерлерін барынша көгалдандыруға тырысты. Бір ғана облыс орталығында биыл 200 мыңдай көшет отырғызу жоспарланған. Ал бүгінгі жалпыхалықтық сенбілік аясында қалада 24 мыңнан астам тал егілді.

Рашид Аюпов, Түркістан қаласының әкімі:

- Жыл соңына дейін әкімшілік тарапынан 219 мың ағаш отырғызылады. Бүгін 24 мың ағаш егеміз. Бұдан кейін әр апта сайын 30-40-50 мыңнан отырғызамыз. Жалпы көктемге дейін «Жасыл белдеуді» есептесек, жалпы 3,5 млн ағаш отырғызамыз. Бұл облыс әкімінің тікелей тапсырмасы.

Енді осы көшеттерді суару үшін Түркістан қаласында 268 су ұңғымасын салу көзделген. Қазірдің өзінде облыс орталығында осындай 57 ұңғыма жұмыс істеп тұр. Жергілікті тұрғындар да көне шаһардың жасыл қалаға айналуына белсене қатысты.

Шора Есмолдаев, Түркістан қаласының тұрғыны:

Бүгін болып жатқан сенбілік өте құптарлық мәселе. Мұндай шара бүкіл елде болып жатын. Барлық халық қолдап жатыр. Мен де осы халықтың бір мүшесі ретінде осы сенбілікке қатысуға келдім. Түркістан қаласы еліміздің ең әдемі, ең жасыл қаласы болуды Алла нәсіп етсін.

Жалпы жылдың соңына дейін Түркістан өңірінде 1 млн 300 мың ағаш отырғызылмақ.

Авторы: Жасын Біркенов

Хабар 24 телеарнасы