384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұр-Сұлтанда жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтуға құжат қабылдау басталды

  • 198
  • UPD: 21:18, 04.11.2019

Биыл Жастар жылы аясында Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін 3 мың жас баспаналы болады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Пәтер оларға 5 жыл мерзімге жалға беріледі. Ақысы 15 мың теңгеден аспайды.

Бұл туралы Жастар жылының қорытындысы мен «Волонтер жылын» өткізуге дайындық туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлім етті. Бұдан басқа жастарға тағы қандай жағдай жасалып, мүмкіндіктер қаралған?

Бүгіннен бастап Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтуға құжат қабылдау басталды. Алдымен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласының жастары баспаналы болады. Пәтер оларға 5 жыл мерзімге айына 15 мың теңге төлеп тұру шартымен жалға беріледі. Алматы қаласы бойынша 200-ден аса өтінім түскен. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, алдағы 3 жылда осындай 9 мың пәтер пайдалануға беріледі. Сондай-ақ «Жастар - ел тірегі» ұлттық жобасы 3 жылда 1 млн жасты қамтымақ. Атамекен палатасының «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 20 мың адамды оқытуға 1,5 млрд теңге бөлінген. Бағдарламаның шарты бойынша білім алушылардың 20 проценті өз бизнесін ашуы тиіс. Алайда Мәжілістегі Үкімет сағатында мәжілісмендер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жастар жылының» ашылуында берген кейбір тапсырмалары әлі де болса орындалмай келе жатқанын айтты.

Кәрібай Мұсырман, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға жұмысқа баратын жас мамандарға бір жолғы берілетін жәрдемақыны 70 АЕК 100 АЕК дейін көтеру туралы тапсырма берген болатын. Осы тапсырманың орындалуы мәз емес. Бұл жөнінде Үкіметтің қаулысы болған, жергілікті бюджет есебінен көтеру туралы. Зерттеп қарағанда бұл мәселе шын мәнінде толық шешімін таппаған.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

– 89 жобаның ішінде 13-ін орындадық. Қалған 76 жобаны біз алдағы 2-3 жылда орындаймыз. Сондықтан бағдарламаның нәтижесін бүгін айтпай, 1-2 жылдан кейін де айтуға болады деп ойлаймын. Сондықтан жастардың проблемасын 3 жылда толық шешіледі деп айтуға болмас. Бірақ осы мәселені шешуге барлық күш-жігерімізді саламыз.

Жұмыссыз жастардың мәселесін шешуге бағытталған «Жас кәсіпкер», «Жас маман» жобалары жүзеге асуда. Бірақ соған қарамастан, жастардың жұмыссыздығы әлі де маңыздылығын жойған жоқ, дейді депутаттар.

Гүлмира Исимбава, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Сонымен қатар жастар арасында жұмыссыздық деңгейі жоғары болып қалуда. 3,7 пайызды құрайды. Саны азайғанымен әлі де жастардың 254 мың болып тұрғаны алаңдатады.

Ахмади Сарбасов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

– Жұмыспен қамту бойынша «Еңбек» бағдарламасын біз іске қостық. 1 қазанда бағдарламаға қатысушылардың саны 500 мың адам. Оның ішінде 180 мың адам – жастар. Оның 36 пайызы. Жұмыспен қамтылғандардың саны – 154 мың адам, жастардың 86 пайызы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылды Волонтер жылы деп жариялады. Бұл - Жастар жылының жалғасы іспетті. Бүгінде республикада 200-ден астам еріктілер ұйымы бар. Волонтерлік қозғалыспен 50 мыңнан астам адам қамтылған. Жауапты сала мамандары жастар жылы іске аспаған жобалар келер жылы міндетті түрде орындалатынын айтып сендірді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Серік Қоңырбаев

Хабар 24 телеарнасы