384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада көп қабатты үйдің қасбеті құлағалы тұр

  • 156
  • UPD: 20:14, 14.11.2019

Елордадағы көп қабатты үйдің төбесінен кірпіші құлағалы тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қақырап тұрған ескі үй емес, небәрі 13 жыл бұрын салынған. Тұрғындар енді төбемізге тас түсіп кете ме деп жандарын шүберекке түйіп отыр. Ал жауапты мекемелер мәселені шешудің бір жолын ұсынған.

Қабырғадағы сызат, түбінен босай бастаған кірпіштер көрер көзге көрініп тұр. Кірген-шыққандар сақтықты ойламаса, кез-келген уақытта жоғарыдан кірпіш түсуі мүмкін. Әсіресе, баласы барлардың уайымы ұлғайған.

Әлия Елтаева, қала тұрғыны:

– Қабырғалары құлайын деп тұр. Өте қауіпті. Балалар бар. Әр отбасында 3-4 бала бар дегенде, балаларды мектепке жіберу, шығарып салғанда қауіптеніп отырамыз. Көліктерді қоюға қорқамыз. Көріп отырсыздар, көліктер тұрмайды. Сол себепті, балаларды аңдып отыру керек. Балалар жазда көп ойнайды. Апатты аймақ.

Сәуле Кәкенова, қала тұрғыны:

– Үйді баста сапасыз салды. Көзге көрініп тұрды. Жергілікті атқарушы билік сапасына қарамастан, қабылдап алды. Сыртындағы кірпіштері түсе бастады. Басында әкімдік 2 подъезде жөндеу жүргізіп берген еді. Қазір кірпіштері қайта босап тұр. Біздің подъездге жетті. Үйді айнала түсіп жатыр. Үйдің жанында адам жүретін жол бар. Балалар жүреді. Көлік тұрағы бар. Жүруге қорқатын болдық.

Тұрғындар үйді айнала көрсетіп жүр. Біраз жерге шағым жазған. Алайда, мәселенің шешілер түрі жоқ. Олардың айтуынша, үйді кезінде әділет министрлігіне қарасты кооператив салған. Кейін олардың балансынан шыққан.

Сәуле Кәкенова, қала тұрғыны:

– Неге барлық проблеманы тұрғындардың мойына іліп қояды. Біз пәтерді өз қаражатымызға сатып алдық. Бірақ жергілікті атқарушы биліктің де кінәсі бар емес пе? Олар неге баста сапасыз салынған үйді қабылдап алады? Жауапты мемлекеттік тұлғалар неге қолдарын қояды? Қабылдап алу туралы құжатқа неге мөр басады?

Заңды сұрақ. Неге деген сауал көп. Сапасыз үйді қабылдап алған әкімдік енді проблеманы шешудің жолын ұсыныпты. Бар салмақ тұрғындарға түсетін болды. «Өңірлерді дамыту -2020» бағдарламасымен 143 млн теңге несие алып, оны әр пәтердің иесі қосылып 15 жыл бойы төлеуі керек. Ал тұрғындар қосымша шығын шығаруға үзілді-кесілді қарсы. Ең қызығы, жаз айында тексеру жүргізген мекеме «апатқа әкелетіндей ақаулық жоқ» деген шешім шығарған.

Андрей Марченко, Сарыарқа аудандық аппаратының бөлім жетекшісі:

– Үшінші қабатта сыртқы қабырғаның кірпішінің босай бастаған. Шілде айында «Астана құрылыс сервис» серіктестігі техникалық тексеру жүргізіп, «4-санаттағы апат алдындағы жағдай» деген шешім шығарды. Яғни, сыртқы қаптамада ақаулық бар, бірақ қирап, құлайтындай емес. Кірпіштің босау себебі, жауын-шашын кезінде су ағатын құрылғы орнатылмаған. Салдарынан, кірпіштерге су тиген.

Әкімдік өкілі үйдің сыртқы қаптамасы тұрғындардың меншігінде дейді. Сондықтан, өздері жөндеу керектігін айтты. Дегенмен, келесі жылы жергілікті атқарушы органның қаржы резервінен ақша бөлу мүмкіндігінің барын да жеткізді. Төтенше жағдайлар мен техногендік апаттардың алдын-алу мақсатында арнайы қаражат қарастырылған.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Ербол Дайыров, Ерзат Зайытхан.

Хабар 24 телеарнасы