384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайда тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау желісі тоқтап тұр

  • 168
  • UPD: 08:45, 15.11.2019

Қостанайда 50 миллион теңгеге бағаланған тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын желі тоқтап тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Техника соңғы рет маусым айында іске қосылған. Ал қазір қар басып, кәдеге жарамай жатыр. Қоқысты терең сұрыптауға арналған жобаның жұмысына не кедергі?

Терең сұрыптау желісінің жылдық қуаттылығы 100 мың тоннаға жетеді. Кешен тұрмыстық қалдықтарды 16 түрі бойынша сұрыптай алады. Оның тоқтап тұрғанына жарты жылға жуықтады. Мәселе техникалық ақауда емес, жұмысшылар тапшылығында деп түсіндіреді мамандар.

Александр Кушнир, коммуналдық мекеме директоры:

– Желіні көктемде Ресейден әкелдік. Іске қосып сынақтан өткіздік. Жоғары бағасын алды. Алайда жұмысшы таба алмай жатырмыз. Кемінде 25 адам қажет. Хабарлама да бердік. Еңбекақысын 80 мың теңге етіп көрсеттік. Әзірше бізге орналасқысы келетіндер жоқ.

Ал қала бойынша жұмыссыз 800-дей адам тіркеуде тұр. Екі қолға бір күрек іздеушілер үшін 500-ден артық бос жұмыс орны бар. Алайда ұсынылған мамандықтар көпшілік көңілінен шықпайтын көрінеді.  

Бану Сүлейменова, жұмыспен қамту орталығының маманы:

– Электрондық еңбек биржаға кәсіпкерлер өз вакансияларын тіркейді. Содан кейін біз көреміз. Жұмыс іздеген адамдар бізге келеді. Біз оған әңгімелесу жолдамасын қолына тапсырамыз. Содан кейін олар орналастырылмаса, қайтадан басқа жұмыс іздейміз.

Әзірше бұл жерге жұмысшылардың қашан келетіні белгісіз. Терең сұрыптау желісінің жұмысын ретке келтіру үшін мекеме 55 млн теңге несие алыпты. Оны қайтару уақыттың еншісінде.  

Александр Кушнир, коммуналдық мекеме директоры:

– Қазір бөтелке, шыны, ағаш, металл сұранысқа ие. Ал өңдеуге келмейтін қалдықтарды біз полигон аймағында көміп тастаймыз.

Данияр Сұлтан, тілші:

– Бұл полигонның аумағы – 30 гектар. Қазірдің өзінде толып тұр десек болады. Мұнда қаладан күніне 1500 текше метрдей тұрмыс қалдықтары жеткізіледі. Әзірше қоқыс мұнда қолдан сұрыпталады. Егер терең сұрыптау желісі іске қосылса, онда полигонның өмірі тағы 10 жылға дейін ұзаруы мүмкін.

Мекемеде қолдан сұрыпталған пластиктен ұяшықты торлар, кәріз қақпақтары, екі түрлі тастөсеніштер жасалады. Әсіресе қақпақтарға сұраныс қашанда жоғары. Қыс мезгілінде екі мыңдай данасын сатуды көздейді.               

Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы