420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысы шетелден 36 мыңға жуық ірі қара сатып алмақ

  • 689
  • UPD: 21:57, 22.11.2019

Жамбыл облысы алдағы 5 жылда шетелден 36 мыңға жуық ірі қара сатып алмақ, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Асыл тұқымды мал елге кезең-кезеңімен жеткізіледі. Осы арқылы ет өнімін еселеп, аймақтың экспорттық әлеуетін арттыру жоспарда. Бұған Жамбыл ауданының шаруалары мықтап кіріскен. Қазір «Сыбаға» бағдарламасымен жеңілдетілген несие рәсімдеп, Ресейден ет бағытындағы сиырларды әкеле бастады. Ептеп жерсіндіріп, тұқымын жергілікті жерде көбейту көзделіп отыр.

Барат Мұхамеджановтың қорасында 100 бас қазақтың «Ақбас» сиыры тұр. Шаруа 9 айлық таналарды Ресейдің Алтай өңірінен әкелген. Айтуынша, асыл тұқымды ірі қара осы жасында тез жерсінетін көрінеді. Малдарды бір ай карантинде ұстап, енді жайылымға шығармақ.

Барат Мұхамеджанов, шаруа қожалығының директоры:

– Көбейту мақсатында 60 миллион теңгеге аналықтарын әкеліп отырмыз. Бұл сиырлардың ерекшелігі өте тез жерсінеді. Сонымен қатар еті де мол. Келе салып вакцинациядан өткіздік. Енді өріске шығарып, жаямыз. Келешекте басын мыңға дейін жеткізіп, асыл тұқымды мал шығаратын шаруа қожалығына айналдырмақпыз.

Шаруалардың басым көпшілігі етті бағыттағы мал өсіруге бет бұрған. Биыл ауданда 600 тоннадан астам ет өндірілді. 

Еркебай Рысалиев, Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Ет көлемі бойынша экспортқа сиырдың 350 тонна еді. Біз оны бүгінгі таңда 450 тоннаға жеткізіп, Өзбекстан мемлекетіне өткіздік. Қозы еті де экспортталып жатыр. Бүгінгі таңда 120 тонна қозы етін экспорттадық.

Жалпы осы жылы Жамбыл ауданында 400 басқа жуық ірі қара алу жоспарланған. Оның үш жүздейі жеткізіліп қойды. Қазір көрші Ресеймен қосымша келіссөз жүргізіліп жатыр. Жуырда тағы 900 миллион теңгеге асыл тұқымды мал әкелінбек. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы