375,91 420,09 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Екібастұздың айналасындағы ауылдарды сумен толық қамту жоспарланды

  • 187
  • UPD: 22:36, 02.12.2019

Екібастұз қаласының ауылдық аймақтарын алдағы екі жылда сапалы ауыз сумен 100 процент қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Биыл тіршілік нәрі   4 ауылдық округке жетті. Мереке қарсаңында Бәйет ауылы орталық су жүйесіне  қосылды. 

Бәйет ауылының тұрғындары үшін қос мереке. Себебі орталықтандырылған су жүйесі ауыл тарихында болмаған. Осы жылдың көктем айларында қолға алынған жобаны мердігерлер   мерзімінде аяқтап шықты.

Исламбек Құлтуманов, мердігер компанияның директоры:

- Біз шамамен 12 мың метр су жүретін құбыр өткіздік. Тереңдігі 50 метрлік екі ұңғыма қазылды. Геодезиялық институттың мәліметтері бойынша мұндағы судың қоры жүз жылдан аса мерзімге жетеді.

Баяш апа бұрын судың сапасына алаңдайтын. Өйткені кермек татитын құдық суын ішіп келді. Бүгін су үйдегі краннан ағып жатыр. Оған сенер-сенбесімді білмеймін дейді өзі.

Баяш Сәбиқызы, ауыл тұрғыны:

- Су бір-екі айдың ішінде келді. Ел-жұрт болып, барлығымыз қуанып жатырмыз міне. Бұрын құдықтан алатынбыз  суды енді міне үйімізге кеп тұр су. Қаладан ешбір кемшілік жоқ. Кем емеспіз, жақсымыз өте.

Айтса айтқандай. Ауыл тұрғындары жуынатын бөлмелерін толық қаладағыдай жабдықтап алған.

Айгүл Наурызхан, ауыл тұрғыны:

- Ыстық су, суық су бәрі ағып тұр. Мында міне ванна, ванаға жуынамыз. Ыстық суы да, суық суыда ағып тұр өте тамаша. Қуаныштымыз  осындай су келіп тұрғанына. Міне су жылытқыш, мына туалет. Барлық жағдай жасалған, жақсы.

Бәйет ауылы жылдан жылға көркейіп келеді. Жаңа үйлер салынып, дүкен, мейрамхана ашылған. Бұл ауыл елордаға апаратын автобанның бойында орналасқан. Жол бойында қызмет көрсету кәсібін ашуға мүмкіндік туып отыр. Сондықтан орталықтандырылған су жүйесі аса қажет.

Ғазиз Оспанов, Екібастұз қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Екібастұз өңірінде екі селолық округ Төртқұдық және Марғұлан  ауылдарында  қазір жобалау жұмыстары жүргізіліп, солардың экспертизасы алынса, жобалық жұмыстарға қаражат бөлініп жатса ол жұмыстарды да аяқтаймыз. Жалпы 2020 жылы бізде Екібастұз өңірін  толық сумен 100 процент қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Сол жоспарға жетеміз деп ойлаймын.

Алдымыздағы жылы тағы төрт ауылдық округте орталықтандырылған су жүйесі іске қосылады. Бағдарлама шеңберінде Екібастұз аумағы бойынша 20 мыңдай ауыл тұрғыны сапалы ауыз суға қол жеткізеді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы