429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскеменді қоқыс басып барады

  • 709
  • UPD: 23:50, 04.12.2019

Әсіресе қыс түскеннен бері көп қабатты үйлер мен базарлардың маңындағы контейнерлер аузы-мұрнынан шығып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтырдан бері қаладағы қоқысты шығару жеке компанияға жүктелген. Алайда тазалыққа жауапты кәсіпорындар қазір міндетін дұрыс атқара алмай отыр. Тұрмыстық қалдықтарды  жинап, өңдеуге жөнелтіп келген жеке кәсіпкерлер банкротқа ұшырады. Ал қалада қоқыс зауытын салу туралы түрлі жобалар жасалғанымен әзірше нәтижесіз болып тұр.

Тау болып үйілген қоқыс.  Бұл – Өскемендегі көп қабатты үйлердің ауласындағы қазіргі көрініс. Кейбір контейнерлердегі қоқыс алғашқы қар жауғаннан бері шығарылмаған. 

Қоқысты  түріне қарай сұрыптап тастау үшін жеке контейнерлер қойылған. Бірақ  қазір оған қарап жатқан ешкім жоқ.  Өйткені  қоқыс қораптарының бәрі толып тұр. Ал облыста соңғы 3 жылда 180 мың тонна қоқыс жиналса, тек 5 мың тоннасы ғана  өңделеді. Қалада сұрыпталған қоқысты  жинап  өңдеуге жөнелтумен  шұғылданатын екі кәсіпкер бар. Алайда олар да қазір тығырыққа тіреліп отыр. Себебі  қоқысты жинап сұрыптау шығынды ақтамаған. Сондықтан қалалық әкімдікке өңдеуге жататын қоқыс бойынша арнайы тариф енгізу жөнінде жоба  ұсынған. Бірақ ол әзірше қолдау таппай отыр.

Берік Ақтайлақов, кәсіпкер:

– Біз өңделетін қоқыс үшін арнайы тариф енгізуді ұсындық.  Оның сомасы өте аз. 5 қабатты бір үйдің  барлық тұрғыны 1400 теңге ғана төлейді. Бұл әрбір пәтерге шаққанда  30-40 теңгеден келеді. Бұл – өте аз қаражат. Бірақ ол  ұсынысымыз  әзірше қолдау таппай отыр.

Қаладағы 100-ге жуық  жеке кәсіпкер  тазалыққа жауапты  кәсіпорынмен келісімшарт жасаудан мүлде бас тартқан. Ал тұрғындардың  қазіргі қарызы 45 миллион теңгеге жеткен.

Владимир Землянский,  қалалық ТКШ  бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Қоқыстың уақтылы шығарылмауы қаржы мен жұмыс күшіне келіп тіреледі. Бұл жерде жеке пәтер иелері кооперативінің мәселесі. Олар тұрғындарға  түсіндіру  жұмысын жүргізіп, келісімге отыруы керек. Сонда ғана мәселе шешімін табады.

2005 жылға дейін қаланы абаттандыру туралы ережеде қала тазалығына жауапты коммуналдық мекемемен жеке және заңды тұлғалар тұрмыстық қалдықтарды тасу, жөнелту туралы  шарт жасауға  міндетті болған. Қазір бұл талап жоқ.

Елена Полянцева, облыстық экологиялық қауіпсіздік орталығының маманы:

–Тығырықтан шығатын бір ғана жол бар. Қаланы көгалдандыру туралы заңға  тұрмыстық қалдықты шығаратын  коммуналдық мекемемен келісімшарт жасауға міндеттейтін бапты қайта енгізу керек. Сонда ғана мәселе шешіледі.

Қоқысты өңдеу мен жөнелту жөніндегі заң мен ережені  күшейту үшін  экологтар мен қоғамдық ұйым өкілдері  қалалық маслихатқа ұсыныстар әзірлеп жатыр.  Ал қалада қоқыс өңдеу зауытын салу жобасы әлі шешімін таппай отыр. Қала сыртындағы полигонның  пайдалану мерзімі  де биыл  аяқталды. Қазір ол да толып тұр.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы