376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жаңа жәрдемақы: студент балалары бар отбасылар бір мекенжайда тіркелуі міндетті ме

  • 230
  • UPD: 15:44, 09.12.2019

Жаңа жәрдемақыны алатын отбасылардың студент балалары бір мекенжайда тіркелуі міндетті емес, деп хабарлайды «Хабар 24»

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісі қабырғасында өткен Үкімет сағатында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты.

«Заңнамада «бірге тұратын балалар» деген түсінік болды. Сондықтан осындай мәселелер туындады. 2020 жылға дейін уақыт бар. Осы орайда тиісті шешімді қабылдадық. Оқуына байланысты сыртта жүрген балалардың барлығын бір мекенжайда тұрады деп санаймыз. Осы бағытта тиісті нормативтік-құқықтық актілер жасалады», – деді министр. Бұрын хабарланғандай, келер жылдан бастап жаңа жәрдемақы 340 мыңнан астам отбасыға тағайындалады. Аталған мемлекеттік жәрдемақы 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасыларға табысына қарамастан төленеді. Мәселен, 4 баламен - 42 мың 496 теңге; 5 баламен - 53 мың 127 теңге; 6 баламен - 63 мың 757 теңге; 7 және одан көп баламен - 74 мың 388 теңге көлемінде демеуқаржы тағайындалады.

Біржан Нұрымбетов, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– 21 мың теңге – кедейшілік шегі. Егер де орта табыс 15 мың теңге болса, тағы да оның үстіне 73, 63 мың теңге жәрдемақы қосылып, содан шығып кететін болса, онда ол кісі атаулы әлеуметтік көмек алмайды. Халық табысын жасырумен бұқаралық сипатта айналысты деп айта алмаймын. Ол жерде қателескендері бар, ол жүйенің уақытында жұмыс істемей қалғаны бар. Сондықтан қазіргі е-халық жүйесі жұмыс істеп жатыр.

Хабар 24 телеарнасы