376,42 420,09 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысының 80 жылдық тойына 80 жаңа нысан пайдалануға берілді

  • 292
  • UPD: 14:06, 26.12.2019

Жаңа форматтағы мерейтой даңғаза той тойлау емес, ел игілігіне қажетті әлеуметтік-рухани нысандардың ашылуымен ерекшеленді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру», туризмді дамыту тапсырмаларына сай ашылған тарихи нысандарды тілшіміз тізіп шықты.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Өңірдің 80 жылдығына арналған тартулар күні бойы жалғасты. Даңқты режиссер Асқар Тоқпановтың еңселі ескерткіші көзі тірісінде қызмет еткен облыстық қазақ драма театрының алдына қойылса, жыр дүлдүлі Кенен Әзірбаевтың мүсіні Баласағұн мәдениет сарайының алдына орнатылды. Ал «Әуендер әлемі» атанған алаңға  қойылған алпыс жұлдыз белгісіне еліміздің  мәдениет саласына үлес қосқан тұлғалар мен өнер жұлдыздарының есімдері жазылды. Сондай ақ «Тараз Арена» спорт кешені аумағындағы «Даңқты спортшылар алаңы» ел намысын абыройлы қорғап, Жамбыл жұртшылығының мерейін асырған спортшылардың құрметіне ашылды.

Елдос Сметов, Олимпиаданың күміс жүлдегері:

- Спортымыздың қай түрі болсын, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жатырмыз, демек, тәуелсіздігіміздің арқасы, еліміздің тыныштығының арқасы, қазір спортшыларымызға үлкен қолдау көрсетіліп жатыр, биік жетістікке жеткен спортшылардың атын тасқа жазып, үлкен қошемет көрсетіп жатыр.

Ашылған айтулы нысандардың бірегейі – «Тектұрмас» этно-тарихи кешені болды. Тараздың төл тарихын толығымен бейнелейтін ғажайып кешен 24 гектар аумақты алып жатыр. Нысанның кіреберісіне екі үлкен стела тұрғызылған. Бұл кешеннің басты символы – Әулие ата ескерткіші. Құс ұшар биіктіктен қалаға қарап тұрған Әулие ата халықтың бақуатты және берекелі өмір сүруіне батасын беріп тұрғандай.

Мәмбет Қойгелді, тарих ғылымдарының докторы:

- Мынау біздің халқымыздың үлкен жолдан өткендігінің көрінісі, біз осы нысандар арқылы өткен өміріміздің алтын ғасыры қайта жалғасқандай сезімде болып тұрмыз.

Мерейтойға арналып ашылған нысандардың бірегейі шаһардың қақ ортасынан орын алған «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені. Орта Азияда баламасы жоқ алып орталық Тараздың 2000 жылдық тарихын қайта тірілткен «Ғажайып сәулет құрылысы» деп атауға болады. Барлық құрылыс барысы ортағасырлық Шығыс сәулеттік стилінде жүргізілген.

Айжамал Құрсақбаева, қала тұрғыны:

- Ескі Тараз қаламыз көркейіп жатыр. Жаңғырып жатыр. Өте қуаныштымыз. Мына халқымызға, елімізге, ел басшыларына үлкен рахмет айтамыз.

Мерейтойға келген қонақтар «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенін аралап көрді. Бірінде жергілікті қолөнер шеберлерінің туындылары қойылса, енді бірінде көркем сурет галереясының суреттері ұсынылды. Тарихи-өлкетану музейіне көне Тараздың төл тарихынан сыр шертетін барлық жәдігерлерді табуға болады. Ал Әулие атадан алғаш ашылған Ретро-фестиваль амфитеатрында салтанатты шараның тұсауы кесілді.

Осылайша, Жамбыл облысының 80 жылдығында өңірдің әлеуметтік саласына серпін беретін 80 нысан ел игілігіне берілді. Келушілерге есігін айқара ашқан тағылымы мол тарихи кешендер өңір тұрғындарының руханияты мен мәдениетін көтеруге қызмет етпек. Бастысы – бұл ғимараттардың барлығы бос тұрмайды. Қазірдің өзінде қызу жұмыстар басталып кеткен.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы