376,42 420,09 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алакөлде туристердің демалысы үшін барлық жағдай жасалып жатыр

  • 124
  • UPD: 22:13, 02.01.2020

Биыл Алакөлдің Алматы облысына қарасты аумағындағы жағалаудың 13 шақырымы бекітіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен қатар ауыз су және кәріз құбырлары тартылады. Бұл демалыс аймағында атқарылар жұмыстардың бір парасы ғана.

5 жыл бұрын Алакөлдің Алматы облысына қарасты аймағында 140 мың турист тыныққан болатын. Ал, биыл 1,5 млн адам шипалы суға шомылып қайтты. Жетісудың жақұты саналатын көлге туристерді көптеп тарту мақсатында темір жол және әуе қатынасы ретке келтірілді. Чехиядан арнайы екі ұшақ та сатып алынған.

Әлібек Жақанбаев, Алакөл ауданының әкімі:

- Ұшақтың, пойыздың бағасын жеңілдету үшін облыстық және республикалық бюджеттен субсидия бөлінді. Мысалы бүгінде Алматы мен Үшарал ортасында ұшақ билетінің бағасы 10 мың теңге. Нұр-Сұлтан мен Үшаралдың ортасында 16 мың теңге. Темір жолдың жүрісіне де облыстық бюджеттен 100 млн-нан артық қаражат бөлініп, бір келгенде 22 вагон турист келіп отыр.

Тынығушылар санының артуымен аймақтағы демалыс орындары да көбейіп келеді. Мәселен, осы жазда туристерге әртүрлі санаттағы 240 кешен қызмет көрсеткен. Аймақтағы тазалықты сақтау үшін арнайы коммуналық мекеме де құрылды.

Серікбай Орынбасар, Талдықорған қаласының тұрғыны:

- Алакөл бұрынғыға қарағанда кәдімгідей өзгерген. Біз жылда барып тұрамыз. Үш-төрт жыл болып қалды. Командамен барамыз. Демалатын орындар көбейген. 2020 жылы одан да жақсы болады деп жатыр.

Алакөлге баратын туристерді көбіне тозығы жеткен тас жол шаршататын. Осы мәселені шешу үшін биыл Талдықорған – Өскемен бағытында және Үшаралдан Ақши мен Көктұмаға қатынайтын автомагистраль жөнделе бастады. Келесі жылы демалыс аймағына дейінгі жол құрылысы аяқталады. Сонымен қатар жағалауды бекіту жұмыстары да жоспарланып отыр.

Әлібек Жақанбаев, Алакөл ауданының әкімі:

- Осы күнге дейін негізін таппай келген мәселе – көлдің суы көтеріліп, жағаны шаюы болатын. Оған біз жобалық-сметалық құжаттарын жасадық. 6 млрд-тан аса қаражат бөлінді. Конкурстық процедуралар жүріп жатыр. Биыл 13 шақырым Ақши, Көктұма жағалауын бекітуді бастаймыз.

Келесі маусымда көл жағалауында абаттандыру және құрылыс жұмыстары қарқын алмақ. Соның нәтижесінде туристер суға шомылып қана қоймай, жасыл желекпен көмкерілген аллеяда серуендеп, ойын алаңдарында бой жазатын болады.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Гүлнәр Жантасова, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы