377,19 415,79 5,93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанда жолақы қымбаттады

  • 182
  • UPD: 17:27, 06.01.2020

Жаңа жылдан бастап Түркістан қаласында жолақы қымбаттады. Бұрын қоғамдық көліктердегі билет құны 50 теңге болса, енді 70 теңге төлеуге тура келеді.

Бұл шешімді қалалық мәслихат мақұлдап, шаһар басшысының қаулысымен бекітілді. Қаладағы бірден-бір жолаушы тасымалдаушы серіктестік соңғы екі жылда тұрақты 50 теңгемен қызмет көрсетіп келді. Бірақ осы аралықта жанар-жағармай бағасы 94 пайызға өскендігін және көліктің қосалқы бөлшектері де біршама қымбаттағандығын айтады. Тасымалдаушы мекеме бүгінге дейін 26 жаңа автобус сатып алған. Қала әкімінің талабы бойынша тасымалдаушы мекеме жыл соңына дейін автобустарды жүз пайыз жаңартып, ардагерлер мен мүгедектерге, көп балалы аналар мен студенттерге және мектеп оқушыларына жеңілдіктер жасауы тиіс. Сондай-ақ барлық қоғамдық көліктерде кондуктордың болуы, жүргізушілердің еңбекақысын көтеру және кешкі 21:00-ге дейін қызмет көрсетуі басты назарға алынған. Егер баға көтерілгенімен, аталған талаптар орындалмайтын болса, арадағы бекітілген келісімшарт күшін жоятын болады. 

Жандос Баирханов, қала әкімінің орынбасары:

- Талаптар қойдық, қазір соған сәйкес келісімшартқа түзетулер енгізілді. Әр пункт бойынша өзінің уақыты бар. Мысалы, 2020 жылдың соңына дейін барлық автобустар жаңартылуы тиіс. Сол талаптар мен бекітілген графиктердің орындалуын қадағалайтын боламыз. Егер де тасымалдаушы тарапынан келісімшарттың пункттері орындалмаса, біз келісімшартты бұзуға баратын боламыз.

Хабар 24 телеарнасы