430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада сырғанақтан жаралану деректері артты

  • 655
  • UPD: 20:58, 07.01.2020

Жаңа жыл басталғалы сырғанақтан жарақат алғандар жиіледі. Елорданың өзінде соңғы алты күнде осындай 100-ге жуық жағдай тіркелген. Тіпті дәрігерлер кейбіріне операция жасауға да мәжбүр болыпты.

Дене жарақатымен келген әрбір үш науқастың біреуі сырғанақтан зардап шеккен. Елордалық дәрігерлер осындай көрсеткішті алға тартып отыр. Әсіресе биыл осындай орындарға көңіл көтерем деп барып, аяқасты майып болып жатқандардың көптігін айтады. Биік сырғанақта бір-біріне соқтығысқан балаларда сіңірдің созылуы, бас ми жарақаты және сүйектердің сынуы сияқты жағдайлар жиі кездеседі екен. 

Олжас Байназаров, қалалық №2 балалар ауруханасының травматолог дәрігері:

- Ең ауыр жарақат осыдан 2 күн бұрын Шортанды ауданынан келді бала. Өздері қолдан жасаған катокта құлаған. Содан бала 1,5 сағат далада жатып қалған. Оның сан сүйегі сынған. Қазір операцияға дайындап жатырмыз. 

Жарақаттың жиілігі мереке мен демалыс күндерінің қатар келуіне де байланысты. Өйткені, дәл осы уақытта сырғанақтағы адамдар саны еселеп артады. Осыны ескерген қалалық әкімдік әр орынға бір-бір бақылаушыдан қоюды жөн көріпті. Яғни, сырғанақ маңында кәсібін дөңгелетіп отырғандар сол мұздағы қауіпсіздікті де жіті назарда ұстауы қажет.

Айнұр Әбубәкірова, жеке кәсіпкер:

- Сағат 11-ден түнгі сағат 12-ге дейін тұрамыз осында. Тоңбаймыз, Суықты да сезбейміз уже. Өз еркімммен адамдарға көмектесем. Мына жере бір-біріне соғылмау үшін балалардың қауіпсіздігі үшін осы жерде тұрамын.

Бақылаушының болғаны жақсы әрине. Бірақ ең алдымен әр адам өз қауіпсіздігіне өзі жауапты екенін ұмытпау керек дейді дәрігерлер. Әсіресе жабайы сырғанақтарда жарақат алу ықтималдығы жоғары.

Айта кетейік, қазір елордада арнайы жоспармен жасалып, қауіпісіздік шаралары қарастырылған 30-ға жуық сырғанақ бар. 

Авторлары: Аслан Қаженов, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы