425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде халықты нәтижелі жұмыспен қамту тетіктері жетілдірілді

  • 955
  • UPD: 12:18, 09.01.2020
Елімізде халықты нәтижелі жұмыспен қамту тетіктері жетілдірілді

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына әзірленген жаңашылдықтар күшіне енді, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Бюджет шығындарының тиімділігін арттыру үшін қысқа мерзімді кәсіптік оқыту тетігі қайта қаралды. Енді ол оқытылған адамдарды жұмысқа орналастыруға кепілдік беретін жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша жүзеге асырылады.

Жұмыс берушінің қайта даярлау курстары құнының кемінде 50%-ын қоса қаржыландырумен еңбек шарты бойынша жұмыс істейтіндерді кәсіптік даярлау жөніндегі тетік енгізілді. Бұл шара еңбек шарты бойынша жұмыс істейтіндерге еңбек жолының барлық кезеңдерінде білім алуға мүмкіндік береді, сондай-ақ жұмыс берушілердің өз қызметкерлерінің жаңа білім мен дағдыларды алуына мүдделігін арттырады.

Көп балалы және табысы аз отбасы мүшелерін кәсіпкерлікке тарту үшін оларға микрокредиттер жылдық 4%-дан аспайтын пайыздық ставкамен 7 жылға дейінгі мерзімге жеңілдікті шарттармен берілетін болады.

Сонымен қатар, халықтың барлық санаттары үшін бірыңғай мемлекеттік гранттардың мөлшері белгіленді – 200 АЕК. Сонымен бірге көп балалы және табысы аз отбасылардың мүшелері алдын ала оқытусыз грант алуға құқылы.

Жастарды мемлекеттік қолдау шаралары қайта қаралды. Жастар тәжірибесіне 2020 жылдан бастап қосымша екі жаңа құрал: «Бірінші жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары енгізілді.

«Бірінші жұмыс орны» жобасы 29 жастан аспаған, оның ішінде NEET санатындағы (жұмыс істемейтін және біліктілігін арттырмайтын және оқымайтын) азаматтарға, жұмыс тәжірибесі жоқ, білім беру ұйымдарының түлектеріне, еңбекке жарамды мүгедектерге бірінші жұмыс орнына жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.

«Ұрпақтар келісімшарты» жобасы зейнеткерлік жасқа жеткен жұмыс істейтін қызметкерді кейіннен ауыстыра отырып, жұмысқа орналастыруды көздейді.

Ерікті түрде қоныс аударуға ниет білдірген азаматтарды қамтуды кеңейту үшін қоныс аударушылардың шыққан өңірлерінің қатарына Алматы қаласы енгізілді. Қоныс аударушыларды қабылдау өңірлеріне Ақмола және Қарағанды облыстары қосымша енгізілді, бұл еңбек күші тапшы өңірлерді қажетті еңбек ресурстарымен қамтамасыз етіп қана қоймай, қоныс аударушылар үшін тұрғылықты жерді таңдауға қосымша мүмкіндік береді.

Қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үйлерді салу және сатып алу механизмдерін елдің барлық өңірлеріне тарату ұсынылады. Бұл ретте, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Еңбек» бағдарламасының еңбек күші жеткілікті өңірлерден қоныс аударушылар үшін тұрғын үй салу мәселелері жөніндегі операторы болып белгіленеді.

Жоғарыда көрсетілген шаралар халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары қатарынан, оның ішінде NEET санатынан көп азаматтарды экономикалық қызметке тартуға мүмкіндік береді.

Хабар 24 телеарнасы