429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысында 22 мың адамға жаңа форматтағы АӘК төленеді

  • 667
  • UPD: 20:38, 12.01.2020

Биыл Маңғыстау облысында 22 мыңнан астам адамға жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек төленеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ал 13 мың баланы кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамту жоспарланған. Бұл мақсатқа республикалық және жергілікті қазынадан 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Ақтау қаласының тұрғыны Жазира Сәкеева бала күтімімен үйде отыр. Жолдасы жұмыссыз. Үш баланың анасы жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектен үміттеніп отыр.

Жазира Сәкеева, қала тұрғыны:

– АӘК 2019 жылдың желтоқсан айына дейін берілді. Алып келдім. Өте жақсы көмек болды. Енді осы 2019 жылдың желтоқсанында тоқтатылды. Желтоқсан айында бізге ескертті. Мен соған келдім, құжаттар тапсырдым. 

Жан басына шаққандағы орташа айлық табысы 10 мың теңгені құрайтын отбасының әр мүшесіне айына 15 мың 592 теңге әлеуметтік көмек тиісті. Егер отбасында бес адам болған жағдайда айына 78 мың теңгеге жуық атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Биылғы көмектің тағы бір ерекшелігі, аз қамтылған отбасы балаларына кепілдендірілген әлеуметтік топтама қарастырылған. Ендігі кезекте отбасының 1-6 жастағы балалары ай сайын азық-түлік және тоқсан сайын тұрмыстық химия топтамаларымен қамтылады. Сондай-ақ жанұяның 7-18 жастағы балалары оқу жылы мезгілінде күніне бір рет ыстық тамақпен, қоғамдық көлікте тегін жүрумен, жылына бір рет мектеп формасымен және оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етіледі.

Әлихан Қыраубаев, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

– Биылғы жылы кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтуға 329 млн теңге көзделіп отыр. Осы аталған топтаманы сауда нысандарынан тікелей сатып алу «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жүргізеледі. Бұл көмекті дер кезінде балаларға жеткізуге мүмкіндік береді. Біздің облысымызда кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы сатып алуға жататын 36 сауда нысаны (супермаркеттер) тізімі Үкімет қаулысына енгізу үшін ұсынылды.

Ендігі кезекте атаулы әлеуметтік көмек алушылар «Бастау-бизнес» негізін оқымастан, 4 процентпен 7 жылға микрокредит және 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қайтарымсыз грант алуға құқылы. Биыл «Еңбек» бағдарламасы аясында облыстағы аз қамтылған отбасылардың үш мыңнан астам мүшесін жұмыспен қамту шараларына тарту көзделіп отыр.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы