376,52 406,00 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтаулық оқушылар мектеп жылыжайынан алғаш рет мол өнім жинады

  • 166
  • UPD: 11:48, 26.01.2020

Олар әртүрлі көкөністің тұқымын былтыр күзде отырғызған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде олар қызанақ пен қиярды келілеп теріп жатыр. Жас ботаниктер бұл жетістігімен шектелмей, енді жылыжайға банан мен ананас сияқты экзотикалық жеміс-жидекті екпекші.

Болашақ ғалымдар білім алып жатқан Ақтаудағы №29-орта мектеп көпшілікке енді жылыжайымен танылды. Желегі жайқалып тұрған көкөністі 6-шы сынып оқушылары баптап, сабақтан бос уақытында күтімімен шұғылданады. Айтуларынша, өнім әр 100 күн сайын жиналады. 

Жылыжай күтіміне биология пәніне қызығушылығы басым оқушылар жұмылған. Мұндағы жұмыс атаулы қалалық ғылыми байқаудың жеңімпаздары Айдана және Гүлдананың жетекшілігімен өтеді. Олар өскіннің жетілу сәтін гаджеттердің көмегімен бақылайды екен. Биылдан бастап жылыжайды суғару автоматты түрде жасалатын болған. 

Айдана Кенжебаева, оқушы:

– Кабинетте отырып-ақ планшет арқылы суарып отыра аламыз. Және де біз Wi-Fi арқылы, интернет арқылы не істеу керек екенін айтып отырамыз. Олар өздері істеп отырады. Осы арқылы уақытымызды үнемдеп, мол өнім алуға болады. Біз осы уақытқа дейін шалғаннан 3, қиырдан 4, қызанақтан 5 килограмм өнім алдық.

Гүлдана Таңжанова, оқушы:

– Біз осы жылыжаймен 2018 жылдың тамыз айында таныстық. Бізге бұл жұмыстар қатты ұнады. Бұл жылыжай ауыл шаруашылығына өтетін болса, өте көп пайда алып келеді. Біріншіден уақытты үнемдейміз, екіншіден адамға көп жұмыс тудырмайды.

Жаңа оқу жылынан бастап мектеп жылыжайына цитрустық жеміс-жидектер егіле бастапты. Қазір мұнда ананас, банан, құрма мен киви өсіп жатыр. Оқушылар осы тектес экзотикалық жеміс санын жыл соңына дейін онға жеткізбекші.  

Нұрилла Атамқұлова, жылыжай меңгерушісі:

– Цитрустар оқушылардың сұранысы бойынша егілмек. Өздері жеген лимон, мандарин тұқымын осында алып келіп отырғызып, қазіргі таңда өсіріп жатырмыз. Әрбір бала өзінің қызығушылығы бойынша жұмыс істейді. Алда көктем келе жатыр, соған хризантема, питония деген гүлдерді мектеп ауласын көгалдандыру үшін отырғызу үстіндеміз.

Аймаққа смарт-жылыжай ретінде танылған мектепішілік үйірме жұмысы аптасына үш рет өтіп тұрады. Оған әзірге 30 жеткіншек қатысады. Биылғы жаңалық – раушан гүлдерін отырғызу. 8 наурызға дейін жетіліп шыққаны аналар мен ұстаздарға сыйға беріледі.  

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы