377,19 415,79 5,93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бала би ауылы тұрғындарының жанына батқан жағдай...

  • 158
  • UPD: 14:57, 28.01.2020

Қызылорда облысының Бала би ауылының тұрғындары ауыз суды 20 жылдан бері тасып ішіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мəселе Шиелі ауданы əкімінің есепті кездесуінде де көтерілді.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

– Қайырлы күн. Иә, Шиелі ауданында шешімін күткен мəселелер бар. Мəселен, Бала би ауылының тіршілігі мына су таситын тракторға байланысты. Осы «тырқылдақтың» бұзылмауын тілеп отырамыз дейді тұрғындар. Қонақбай Сейілов судың 1 тоннасын 500 теңгеден əр үйге жеткізіп береді екен.

Қонақбай Сейілов, Бала би ауылының тұрғыны:

– 500 үйдей бар. Анау шеттегі үйлер бар жері ауыр, кебір. Техника жүру қиын. Бəрі ауыз суға қарап отыр. Демалыс күндері кір жуу керек, балаларын жуындырады. Сол кезде қиналады. Ол күндері батпақ болса таси алмай қаламыз. Қораға кіріп-шығу қиындап кетеді.

Аудан əкімі Бала би ауылымен қатар, Тартоғай, Сұлутөбе ауылдарына биыл ауыз су құбыры тартылып, іске қосылады деп уəде берді. Сондай-ақ Гигант жəне Ыбырай Жақаев елді мекендеріндегі балабақша, мектеп секілді əлеуметтік нысандарды көгілдір отынға қосуға қаржы қаралатынын айтты. Шиеліліктер үшін тағы бір маңызды мəселе – аудан орталығын екіге бөліп жатқан темір жол үстінен автокөлік көпірін салу. Бұл арадан күніне 3 мыңдай темір тұлпар әрлі-берлі өтеді екен. Бұл сұраққа қатысты аудан əкімінің жауабын тыңдайық.

Әшім Оразбекұлы, Шиелі ауданының əкімі:

– Соңғы 5 жылдың ішінде Шиелі ауданында көліктердің саны 2 есеге ұлғайып кетті. Сондықтан пойыздар келген кезде кептеліс орын алып жатыр. Көпірге республикалық бюджеттен бөлуге былтыр өтінім тапсырылған, биыл тағы да барып пысықтап қайттық. Биыл осы көпірдің құрылысы қалай болғанда да басталады деп біз күтіп отырмыз. Халықтың көптен бері сұранысы. Арғы бет, бергі бет қазір жедел жəрдемге байланысты қиындықтар келтіріп жатыр.

Жансейіт, Байсын ауылдарындағы мектептерде оқушылар санының көбеюіне байланысты алдағы уақытта 3 ауысыммен оқу мəселесі туындауы мүмкін. Мұндай жағдай Шиелі кентіндегі 48 мектепте де бар. Сондықтан аталған білім ұяларының жанынан қосымша құрылыс салып, мектепті кеңейту керек. Аудан басшылығы бұл мақсатқа тиісті қаржы бөлу үшін бюджеттік өтінім жасалатынын мəлімдеді.

Хабар 24 телеарнасы