448,01 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-дағы шекаралық бекетте көлік кептелісі пайда болды

  • 217
  • UPD: 23:42, 31.01.2020

Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» өткізу бекетінде көлік кептелісі пайда болып, жүргізушілер жол азабын тартып жатыр. Көліктердің бірнеше күннен бері қаңтарылып тұруына не себеп?

Жол азабын жүрген білер. Жүк көлігінің жүргізушісі алматылық Қадыр Бадаловтың оңтүстік астанадан шыққанына аптаға жуықтапты. Қар мен боран, көктайғақтың кесірінен жүрісіміз мандымай келеді, - дейді ол. 

Қадыр Бадалов, жүргізуші:

- Жол жаман екен. Жол болмайды. Жолға қарайтын адам жоқ па, қиналып жатырмыз ғой. Барлық шопырлар қиналып жатыр.  Жол жоқ деп айтуға болады. Мына жақта тазалайды,  ана жақта тіпті құм себетін адам жоқ. Қызылордадан өтіп кетсеңіз болды ғой. Жымпитыға дейін осылай. 

Әріпжан Ғұламов, жүргізуші:

- Алматыдан 4 күн болды. Түркістаннан мына жерге 3 күн болды. Ырғыз, Хромтау. Ақтөбе суық 20 градус суық болды. Сол жақта тұрып қалдық. 

Ауа райының қолайсыздығынан қар тұтқынында қалған жүргізушілер жол ашылған соң атқа қамшы басқан. Жүк көліктерінің нөпірі шекараның түбінде тежелген. Жеті шақырымдық кезекке осы себеп болыпты. Ал өткізу бекеті қалыпты ырғақта қызмет етуде. Орал мен шекараға дейінгі жол жарқырап жатыр. Әлеуметтік желілерде жазылғандай, бір күн бұрын көктайғақ болғаны рас дейді мамандар.  

Ізтұрған Хайыров, «Қазақавтодор» ЖШС № 38 жол пайдалану учаскесінің бастығы:

- Болғаны рас. Артынан біз шашып тастадық. Қазір көріп жатырсыздар. Еріп жатыр. Күні-түні істеп жатырмыз. Қолда бар техниканың күшімен істеп жатырмыз. Жолды көріп жатырсыздар ғой. Мана шашып кеттік. Қазір қар ұстап жатыр. 

Республикалық маңыздағы жолдарды күтіп-ұстау «Қазақавтодор» серіктестігінің мойнында. Бірақ кәсіпорын өз міндетін толық атқара алмайды. Оған техника жетіспеуі себепші көрінеді. Күні бүгін мекеме қажетті техникамен 42% ғана қамтылыпты. Сондықтан шығар жол сапасы ақсап тұр. Мұны тиісті тексерістер нәтижесі де растайды.  

Зауырбек Қыпшақбаев, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК БҚОФ инженері:

- Қаңтар айы бойынша 17 шығып бақылау жүргізілді. 14 зертханалық сынама - құмды тұз қоспасы алынды, қанша мөлшерде тұз анықтау мақсатында. 12 ұйғарым жасалды. Мына қардан уақтылы тазартылмау, тұз қоспалары себілмегендіктен жолда көктайғақ пайда болады, яғни ол өз кезегінде жол қозғалыс қауіпсіздігіне кері әсерін тигізеді. 

Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы қазір республикалық маңыздағы жолдарды қадағаласа,  таяу келешекте облыстық және қалалық жолдарды күтіп-ұстау жайын, жөндеу жұмыстарының сапасын бақыламақ.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Р. Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы