447,67 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда зейнеткердің басына өз үйінің балконы құлады

  • 186
  • UPD: 08:38, 09.02.2020

Абырой болғанда кейуана дін аман, деп хабарлайды «Хабар 24»

Өткен ғасырдың 70 жылдары бой көтерген үйлердің әбден тозығы жеткен. Ал оны жөндеуге тұрғындардың жағдайы жетпейді.

Лидия Хван Махамбет Өтемісов атындағы көшеде орналасқан № 114 «а» үйінде тұрады. Ол 1974 жылы осы пәтерге қоныс аударыпты. Зейнеткердің айтуынша, бұл үйдің салынғанына биыл 46 жыл. Тек тозығы жеткен балкондардың сыр бере бастағаны болмаса, бәрі жақсы. Тек қауіпсіздік мәселесі алаңдатады. Опырылған конструкция салдарынан  біреу жарақаттанса не болмақ деп ашынады тауы шағылған кейуана.

Лидия Хван, № 114 үй тұрғыны:

– Кімге арыз айтсақ та, барлығы нәтижесіз. Өзім зейнеткермін, жасым 75 те. Бұл балконды өз күшіммен қалпына келтіруге материалдық жағдайым жоқ.

Апатты балконның қирандысы әлі күнге дейін жиналған жоқ.  ПИК қызметкерлері болса, бұзылған бетонның бөлшектерін жинап, қоқысқа тастағаннан басқа ешқандай әрекет жасамай отыр.  Өкініштісі, көрші үйлердегі жағдай да осындай. Тұрғындар қолда бар құралдарымен бұзылған жерлерді бекітіп қана қояды.

Қайрат Қабиев, тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бастығы:

– Тұрғын үй қатынастары туралы заңға сәйкес, балкон, лоджия болсын тұрғынның өзінің жекеменшігіне кіреді. Сондықтан бірінші кезекте тұрғын өз қаражатына жасауы керек. Мемлекет жағынан біз қазір көмектесе алатын жағдайымыз сол балконды алып тастау.

Таяуда пәтер иелерінің кооперативі тұрғын үй инспекциясына үйді техникалық тексерістен өткізуге өтініш берді. Алайда, жөндеу жұмыстары кімнің есебінен жүргізілетіні белгісіз. Бір алаңдатарлығы, қауіпті аймақ әлі қоршалмаған.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов

 

Хабар 24 телеарнасы