447,60 487,00 5.70

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарлық волонтерлер кешенді жоспар әзірлеуде

  • 290
  • UPD: 18:24, 16.02.2020

Ертіс өңірі – волонтёрлік қозғалыс қарқынды дамыған аймақтардың бірі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде қайырымды істерге бет бұрған 10 ірі жасақ бар. Ал жақсылық жасауды өмірлік ұстанымға айналдырғандардың саны мыңдап саналады. Былтырғы жыл жастар үшін жемісті болды. 150-ден астам шара ұйымдастырылып, көмекке зәру азаматтардың алғысын алды. Биылғы жылға межелеген мақсат көп. Волонтёрлер жылы павлодарлықтар кешенді жоспар әзірлеп, жұмыс қарқынын бәсеңдетпек емес.

«Ақкөңілділер» клубының мүшелері аптасына екі рет тегін нан таратады. Оларға аймақтың наубайшылары 400-ден астам бөлкені тегін ұсынады. Былтыр жастар 500-ге жуық қайырымдылық акциясын өткізіп, еліміздің үздік волонтёрлік жасағы атанған. Басты мақсат - жұртшылықты қайырымдылыққа шақыру дейді олар.

Нұр Смайылов, волонтёр:

- Кәсіпкерлердің қолдауына иеміз. Тегін нан тарату арқылы қарапайым іс жасағымыз келеді. Жастарды соған шақырғымыз келеді. Бұл акция Екібастұз, Ақсу қалаларында және шіркеулер мен мешіттерде ұйымдастырылады.

Ал 26 жасар Әлішер Бекжан былтырғы жылы елімізде «Үздік волонтёр» атанған. Психолог мамандығын игерген жас жұмыстан тыс уақытында әлеуметтік әлжуаз азаматтардың арасынан табылады. Бүгінде психоневрологиялық ауруларға шалдыққандармен жүздесіп, арттерапия курсын өткізді.

Әлішер Бекжан, волонтер:

- Волонтёрлік - өмірімнің ажырамас бөлігі. Қайырымдылықпен айналысып келе жатқаныма үш жыл болды. Мүгедектер, жалғызбасты қарттар, әлеуметтік мекемелердің тұрғындарына көмектесемін. 

Әлеуметік волонтёр болу оңай емес. Кез келген адамның қолынан келе бермейді. Сол себепті волонтёрлік орталық мамандары бұл іске жауапкершілікпен қарап, іріктеу өткізуде. Бүгінде бұл бағытқа бет бұрсам дегендер баршылық. Олардың қатарында 17 жасар Анатолий Захаров та бар.

Анатолий Захаров, студент:

– Әлеуметтік волонтёр болғым келеді. Әрине, ол үшін блім алу керек, тәжірибе жинақтау керек. Сол үшін осында келдім. 

Саягүл Серікбекқызы, волонтерлік орталық жетекшісі:

- Қазіргі таңда өңірімізде 16 мыңнан астам ерікті бар. Ең басты мақсаттарымыздың бірі – ол еріктілердің санын одан әрі көбейту. Егер жастар волонтёрлер қатарына қосылғылары келсе, біздің орталыққа жазылуларына болады. Біз оларды оқытамыз.

Әлеуметтік, спорттық, экологиялық, корпоративтік, арт-волонёрлік. Биыл еріктілер осы бағыттарда ауқымды шаралар ұйымдастырып, мұқтаж жандарға қолдау көрсетуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы