426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда жоғалған оқушы табылмай жатыр

  • 857
  • UPD: 21:22, 21.02.2020

Алматыда 8-сыныптың оқушысы Шерхан Күнту із-түссіз жоғалып кетті. Кеше түскі 14:30-да үйінен шығып кеткен ол қайтып оралмаған. Қазіргі уақытта жеткіншекті іздеуге қаладағы полиция қызметкерлері, әкімдік пен мектеп өкілдері, волонтерлер жұмылдырылған. Өкінішке орай, әзірге нәтижесіз.

Шерхан Күнту Айнабұлақ ықшамауданындағы 137 мектептің оқушысы. Бірінші ауысымда оқитын ол түске дейін сабаққа қатысып, үйіне қайтқан. Алайда түскі екі жарымдар шамасында мектепке шақырды деп үйінен шығып кеткен. Ұялы телефонын үйінде қалдырыпты. 

Сандуғаш Ақшалова, М.Жұмабаев атындағы 137 мектептің директоры:

- Таңертең міндетті түрде балаларды түгендейміз, сабақ біткеннен кейін, балалар өздерінің сынып жетекшілеріне өздерінің құрған чат арқылы өзінің жеткенін хабарлайды. Сынып жетекшісі ватсабына қарап түгендеген кезде Күнту Шерхан жазбаған келдім деп. Сол мезгілде бірден ата-анасына хабарласқан. Ата-анасы айтқан сағат 14:30 шамасында шығып кетті үйден мектеп шақырып жатыр деп. Алайда мектеп ол оқушыны шақырған жоқ. 

Шерханның жоғалғаны туралы ақпарат түсісімен аудандық білім басқарамасы, әкімдік пен полиция басқармасы өкілдерінен құрылған 8 топ іздеуге шығады. Қас қарайғанға дейін хабар болмаған соң, бүгін таңертеңнен бастап іздеу жұмысына қалалық Лидер кз волонтерлер тобы жұмылдырылған. 

Дәулет Шайтұрсын, Алматы қ. Жетісу ауданы әкімінің аппарат басшысы:

- Бала өзі денсаулығының ақауы бар екен. Эпилепсиямен ауырады екен.Бүгінгі таңда Айнабұлақ мекенін аралап шықтық. Содан кейін бағана Вокзал жақта көрді деген ақпарат болды.Әкім жедел сол жаққа шығып, камераларды аралап, сол жердегі дүкен қызметкерлерін сұрау жұмыстарын жүргізді. Өкінішке орай әзірге нәтиже болмай жатыр. 

Мектеп басшылығының айтуынша, Шерханның оқу үлгерімі жақсы. Отбасында үш баланың ортаншысы екен. Айналасымен қарым қатынасы да жақсы болатын дейді ұстаздар.

Сандуғаш Ақшалова, М.Жұмабаев атындағы 137 мектептің директоры:

- Бұл баламен мұндай жағдай болған жоқ. Бұл бала тыныш жүретін бала. Ешкіммен конфликтке келмейді, ешкіммен ұрыспайды, ешкіммен таласпайды. 

Қазіргі уақытта Шерханды іздеуге 300-дей адам жұмылдырылды. Жолда жүру билеті ұрылмағанына қарағанда бала автобусқа мінбеген дейді іздеушілер. Шерханның туыстары оны көргендер болса мына телефондарға хабарласуын өтінеді. 

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы