448,52 487,00 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жүз мыңға жуық қазақстандық кәсіпкер үш жыл бойы салық төлемейді

  • 384
  • UPD: 13:17, 22.02.2020

Елімізде жүз мыңға жуық қазақстандық кәсіпкер үш жыл бойы табыстан салық төлемейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жеңілдік тек арнаулы салық режимі бойынша жұмыс істейтін микро және шағын бизнес субъектілеріне қарастырылған. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев хабарлады. Өзгеріс бірінші қаңтардан бастап күшіне енді. Қазына қанша миллиард теңгеден қағылады? Бұл бастама нені көздейді?

Салықтан босатылғандар қатарында Айжан Жақабаева да бар. Ол 2008 жылдан бері кәсіппен айналысып келеді. Қарамағында 11 адам жұмыс істейді. Қызметкерлеріне жалақы мен салықты уақтылы төлеп тұратынын айтады.

Айжан Жақабаева, жеке кәсіпкер:

– Офисте үйлер көшкен кезде соларға қызмет көрсетеміз. Машинаны, жүк көтерушілерді бәрін қамтамасыз етеміз. Жақсы көмек болды.

Үш жылдың ішінде кәсіпкерлерге жасалған жеңілдік есебінен қазынаға 350-360 миллиард теңге салық кем түседі екен.

Марат Сұлтанғазиев, ҚР мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы:

– Біз шағын бизнес пен микро бизнеске дамуға мүмкіншілік беріп жатырмыз. Олар кейін орта немесе үлкен бизнеске айналуына мүмкіндік бар. Сонымен қатар жаңадан бизнес ашып жатқан адамдарға да мүмкіндік. Біз өз жағымыздан сол үш жылдың ішінде өзіміздің ақпараттық жүйелерді, заңнамаларды дамытуға жоспар құрып отырмыз.

Бірақ микро және шағын бизнес субъектілерінің бәрі бірдей салықтан босатылмайды. Акцизделетін өнімді сататындар, лотерея, күзет, аудиторлық және өзге де бірқатар бизнес түріне жеңілдік жоқ. Сыртқы экономикалық қызметпен айналысатындар да бұл тізімге кірмейді.

Марат Сұлтанғазиев, ҚР мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы:

–Оған импортерлар қатыса алмайды. Экспортерлар да шетелмен жұмыс істеген соң, қатыса алмайды.

Үш жыл лезде өте шығады. Сондықтан іскер азаматтар салықтық үзілісті сыйлық ретінде емес, дамуға берілген мүмкіндік деп қараулары тиіс.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы