443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алаяқтарға алданған 3 мыңға жуық тұрғын полицияға арыз түсірді

  • 224
  • UPD: 22:58, 25.02.2020

Ел бойынша ломбардқа алданып, полицияға арыз түсіргендердің саны үш мыңға жуықтаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың қатары әлі көбеюі мүмкін. Себебі, алаяқтармен келісімшарт жасасқандардың саны бұдан бірнеше есе көп. 

Қаржы пирамидасы бұған дейін де талай жұртты сан соқтырған. Бірақ өткеннен сабақ ала қоймаппыз. Алаяқтар да сан түрлі қулыққа салады. «Халыққа тиімді шартпен ломбард қызметін ұсынамыз», деген бұл жолы. Осылай былтыр еліміздің бірнеше өңірінде бір мезгілде «Гарант 24 Ломбард», «ЕЅТАТЕ Ломбард», «Выгодный займ» серіктестіктері құрылған. Сөйтіп, көп ұзатпай, яғни 5-6 айдың ішінде компания басшылары 5 млрд 500 млн теңгені қалтаға басып, ізім-қайым жоқ болды. Олардың 9-ына іздеу жарияланды. 13-і қамалды.

Санжар Әділов, ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы:

- «Гарант 24» бойынша 9 қылмыстық іс қозғалды. Қаржы пирамида бойынша Қылмыстық кодекстің 217-бабы бойынша. Мырзабековке қатысты іздеу жарияланды. Қазіргі кезде іздестіру шаралары жүріп жатыр.

Компания өкілдері салымшыларды көптеп тарту үшін қазақстандық эстрада жұлдызлары мен спорт майталмандарын да тартқан. Қазір олардың алды халықтан кешірім сұрап әлек. Заңгерлердің айтуынша, жарнамаға сену, сенбеу, әркімнің өз еркі. Анығы, ломбардқа ақша құюға үгіттегендер ешқандай жауапкершілкке тартылмайды.

Нұржан Бияқаев, банк мәселелері жөніндегі тәуелсіз сарапшы:

- Ломбардты еліміздің танымал тұлғалары жарнамалады. Қарапайым халық «соларға сендік», дейді. Олар болса, «өзіміз алдандық» дегенді алға тартады. Бұл жерде бар жауапкершілік құрылтайшы мен компания басшысына түсетіндігін айта кеткім келеді. Олардың салымшыларды тартып, ақша құйдыруға мүлдем құқы жоқ. «Микроқаржылық қызмет туралы» заңға сәйкес ломбардтардың жеке тұлғаларға микрокредит беру қызметі 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап микроқаржылық қызметке жатқызылған.

Азаматтық кодекске сәйкес ломбардтар халыққа шағын несие беруге ғана құқылы. Ал халықтан ақшаны тек екінші деңгейдегі банктер мен лицензиясы бар Ұлттық почта операторы ғана ала алады. Бүгінгі күні тұтынушыларына 30%-тен 40%-ке дейін дейін сыйақы төлеуге уәде берген компанияларды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы 3 мыңға жуық тұрғыннан өтініш келіп түсті. Құжаттарға қарағанда компаниялар 42 мыңнан астам адаммен шарт жасасқан. Бұл іске алаңдаушылық танытқан депуттар «қаржы ұйымдарына қатысты заңды қатаңдату керек», деп санайды.

Нұрлан Қылышбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Не себепті, қалай шыққан нәрсе? Біздің заңдарда қандай кемшіліктер бар. Сол себебін білгеннен кейін біз де ойлаймыз ғой. Олармен отырып, кездесіп, қандай өзгерістерді енгізу керек. Олар өздерінің ойларын ұсыныстарын бізге беру керек қой. Себебі болашақта олай болмау үшін.

Еске сала кетейік, ломбардтар осы жылдың 1 шілдесіне дейін қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде есептік тіркеуден өтуі қажет. Ломбардтардың қызметін реттеуді олар содан кейін ғана бастайды. Ал, тіркеуден өтпегендердің жұмысы заңсыз. Тағы бір ақпар бүгін ІІМ өкілдері желіде тарап кеткен «елден кетуге мәжбүр болдым» деген ер адамның видеосын да тексерді.

Оның «Гарант 24 Ломбардты» құрушы 27 жастағы Аслан Мырзабеков екені анықталды.

Хабар 24 телеарнасы