417,99 492,14 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге қажетті дизель отынының көлемі анықталды

  • 336
  • UPD: 10:37, 17.03.2020
Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге қажетті дизель отынының көлемі анықталды primeminister.kz

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге дайындық барысы қаралды.

Шаруалардың егіс науқанына дайындығы туралы ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров, жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету туралы энергетика министрі Н.Ноғаев, өңірлердегі жағдай туралы Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев, Алматы облысының әкімі А.Баталов, Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов баяндады, деп хабарлайды primeminister.kz.

Биыл 22,5 млн га жерді игеру жоспарланып отыр, бұл 2019 жылғы деңгейден 238 мың га артық. Дәнді дақылдар шамамен 15,2 млн га (оның ішінде бидай – 11,4 млн га), майлы дақылдар 3 млн га (+122 мың га), мақта 110 мың га, қант қызылшасы 22 мың га, көкөніс-бақша дақылдары және картоп 471,7 мың га, жемшөп дақылдары 3,7 млн га жерге егіледі деп көзделген. 

Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін қажетті дизель отынының көлемі анықталды – 387 мың тонна (ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін орташа баға – шамамен 177 теңге/литр). Республикада 143 мың трактор, 78 мың тұқым сепкіш, 243 мың топырақ өңдеу құралдары, 4 мың егіс кешендері бар. 2020 жылғы 15 наурыздағы жағдай бойынша тракторлардың әзірлігі 94%-ды, тұқым сепкіштер 93%-ды, егіс кешендері 100%-ды, топырақ өңдеу құралдарының дайындығы 95%-ды құрайды.

Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ республикалық бюджеттен 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие бөлді, бұл әдеттегі тәжірибеден 10 млрд-қа артық. Соңғы қарыз алушылар үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5%-дан аспайды. Бөлінген қаражат 3 млн га егіс алқабын қамтумен АӨК 2400 субъектісін қаржыландыруға мүмкіндік береді.

«Жалпы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық уақытылы жүргізіліп жатыр. Үкімет тарапынан көктемгі егістікті қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шешімдер қабылданды», – деді А.Мамин.

Үкімет басшысы кейбір өңірлердің тұқым дайындау (ШҚО, БҚО, Қызылорда, Павлодар, Ақтөбе облыстары), ауыл шаруашылығы техникасын дайындау жоспарларынан (БҚО, Ақмола, Алматы, Қызылорда облыстары) артта қалып жатқанын, сондай-ақ барлық дерлік облыстарда (Жамбыл және Түркістан облыстарынан басқа) тыңайтқыштар бойынша субсидиялардың бекітілген нормаларының жоқтығын атап өтті.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдері көктемгі егіс жұмыстарын сапалы жүргізу бойынша барлық қажетті шараларды уақытылы қабылдасын. Энергетика министрлігі бекітілген кесте мен бағаға сәйкес қажетті дизель отынын жеткізуді қамтамасыз етсін», – деп тапсырма берді А.Мамин.

Премьер-министр «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ға қаржы қаражатын тиімді пайдалануды және олардың ауыл халқы үшін қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырды.

Хабар 24 телеарнасы