414,13 452,15 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да сапалы ет өнімдері нарыққа шығуға дайын

  • 165
  • UPD: 10:29, 06.04.2020

Тарбағатай ауданында 40-тан астам асыл тұқымды мал шаруашылығы мен бірнеше мал бордақылау кешендері бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл Шығыс Қазақстан облысы бойынша көш басындағы көрсеткіш. Қазір малшы қауым қыстан шыққан төрт түліктен қан алу, таңбалау жұмыстарын бастап кетті. Шалғай ауылдардан оралған арна тілшісі Болат Көкенайұлы әңгімелейді.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Екпін ауылының тұрғыны Қайырлы Хасенов осыдан 15 жыл бұрын інісі екеуі мал өсірумен шұғылдана бастаған. Алғашында қиындықтар болғанымен, мемлекет қолдауының арқасында бүгінде аяғынан нық тұрған іргелі шаруашылыққа айналды. Лизингке техникалар алынып, «Сыбаға» және «Құлан» бағдарламалары арқылы асыл тұқымды ірі қара мен жылқы сатып алған. Ал былтыр 120 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, мың басқа арналған бордақы алаңын салып шықты. Мұнда қазір 700 бас тұр.

Қайырлы Хасенов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Болашақ мақсат – осы қазақтың ақ бас тұқымды ірі қара малын ары қарай өсіру. Әлемде ең мықты, әлеуеті ауыл шаруашылығымен салыстырғанда мықты мемлекеттер бар ғой. Мысалы, Канада, Австралия сияқты. Сол малдардай біздің қазақтың ақ бас тұқымын да брендке айналдыру.

Қазір мұнда 20 шақты ауылдың жас азаматтары еңбек етіп жүр. Өткен қыс малшы қауым үшін жайлы болғанын айтады шаруалар. Қазір ірі қараны әр түрлі ауруларға тексертіп, егу, таңбалау жұмыстары жүріп жатыр. Мына бұқашықтардың тірі салмағы орташа 300 келі болса, таза ет ретінде 150 келіге дейін береді екен. Қоңыр күзге дейін Тарбағатай тауында еркін жайылған мал қыстай құнарлы жем-шөппен азықтанған. Яғни, сапалы ет өнімдері нарыққа шығуға дайын.

Қайырлы Хасенов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Болып жатқан мына індеттен еліміз бәрі аман болса деген ниеттеміз. Сол ниетте еліміздің ішіндегі ет өнімдерінің халыққа қолжетімді бағасын ұстап тұру деген принциптеміз бар. Бүгінде ет бағытындағы малдарды бізде қазір мына Оңтүстік Қазақстан облысынан, Шымкенттен сұраныс түсіп жатыр. Бүгінгі таңда содан кейін Алматыдан сұраныс түсіп жатқан.

Қайрат Мауадинов, Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазақтың ақ бас сиырын өсіруге қазір мемлекет тарапынан үлкен қолдау білдірілуде. Бұл бірінші кезекте аналық малдарға 20 мың теңгеден субсидия төлеп отыр. Екіншіден, асыл тұқымды бұқа алу үшін мемлекет тарапынан әр басына 150 мың теңгеден субсидия төлеп отыр. Бұл енді шаруа қожалықтарына үлкен көмек. Шаруа қожалықтары бұл асыл тұқымды шаруашылыққа өтуге қызығушылығы өте көп, басым.

Ауданда қазір мың бастан асатын ірі қара бордақылауға арналған 4 шаруашылық жұмыс істеп тұр. Биыл тағы 2 жоба жүзеге аспақшы.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы