413,12 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тоқаев Үкімет пен әкімдерге азық-түліктің қымбаттауына жол бермеуді тапсырды

  • 125
  • UPD: 20:37, 07.04.2020

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бас қаладағы көлік-логистика орталығына барып, 6 мың тоннадан астам тауар сақталған қойманы аралады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ас – адамның арқауы. Тамақтан тапшылық болмауы аса маңызды.

Сондықтан Президент Үкіметке халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін тұрақтандыру қорын ұдайы толықтырып тұруды жүктеді. Сөзін сабақтай келе, Қасым-Жомарт Тоқаев: «қазіргідей уақытта қымбатшылыққа жол бермеу басты міндет», деді.

Қорған Төреқожа, тілші:

- Бұл – Continental Logistics аталатын көлік-логистика орталығы. Ат шаптырым аумақта 6 мың тоннадан астам азық-түлік сақтаулы. Қойманы аралап шыққан Президентке бірінші болып Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов баяндама жасады.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша тауарлардың құны 4%-ке өсті. Оның 3,3%-і соңғы екі аптада ұлғайды. Наурыздың онына дейін азық-түліктің құны осыдан екі жыл бұрынғы бағамен салыстырғанда көңіл көншітерлік болды. Бағаның өсуіне карантин алдындағы сұраныстың артуы ықпал етті. Қорды толықтыру үшін республикалық және жергілікті бюджеттен тиісті қаражат бөлінді. Тауардың тоғыз түріне шекті баға белгіленді. Сатушылар бағаны өсірмес үшін тексерістер жүргізіліп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Әлеуметтік маңызға ие тауарлардың тоғыз түріне шекті баға белгіленді, 146 ескерту жасалды» дедіңіз. Атап өтіңізші, бұл қандай азық-түліктер?.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Бұл ұн, нан, макарон, қарақұмық жармасы, күріш, сиыр еті, жұмыртқа, кұнбағыс майы және тұз. Мұның бәрі өзімізде өндірілген соң оларға шекті баға қойдық. Тым арзан болып та кетпеу керек, аса қымбаттамауы да қажет. Осыны ескеріп, орташа бағаны белгіледік.

Қазақта «ас атасы – нан» деген аталы сөз бар. Қазір халықтың дені үйінде. Тамаққа сұраныс өсері де заңдылық. Өзгесі өз алдына. Нанның қымбаттауына жол бермеу аса маңызды. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев та мықтап айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әлеуметтік нанның бағасы қанша қазір? 82 теңге болады. Сондықтан 82-ден артық болмау керек. Оны бақылауға алып, ұстау керек. Әйтпесе, баға жоғары жаққа кетіп қалса қиын болады халыққа.

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Біз анау ұн одағы мен бидай одағын қазір біріктірдік. Солай бір-біріне бидай, ұн беруге келістірдік. Олар бір-біріне арзан бағамен береді. Сондықтан нанның бағасы 82 теңгеден ұсталады. Айттық, енді соны бақылауға ұстау керек.

Президентке екінші болып баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі елде негізгі азық түлік қоры жеткілікті екенін айтты. Картоп қана азайып барады.

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Елдегі азық-түліктің қоры жеткілікті болуын қадағалау үшін мынау министрлік те әкімдікте жедел штаб құрылған. Сол жерде аптасына екі рет мына ақпарат алып отырамыз. Сол ақпар бойынша әр облыста қай жерде не жетпейді соны жеткізіп отырамыз. Жалпы айтқанда мынау азық түлік қоры толық қамтамасыз етілген бе? Бүгінгі күнде жеткілікті. Бір ғана мәселе бар. Картоптың жағдайы бізде қазір екі айға қалды. Өзіміздің өнім келгенше. Бірақ біз қазір Өзбекстан, Башқұртстанмен келісім жасап қойдық. Қазір кіргізе бастаймыз картопты.

Өзімізден бөлек өзгелерге де жәрдем болады. Атап өтейік, бас қалада тек бұл қойма емес. Жалпы Нұр-Сұлтан қаласының аумағында бүгінде көлемі 222 мың шаршы метр болатын 7 логистикалық кешен және 37 мың тонна азық-түлік сақтауға арналған 7 көкөніс қоймасы бар.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

- Қазіргі таңда осындай қойма А кластты бізде бесеу бар. Көкөніс сақтайтын тағы жетеу бар. Қазіргі уақытта бізде бір айға запас бар. Бірақ күнделікті жаңарып тұрады. Осы орталықтардан сауда орталықтарына жеткізіледі.

Қойманы аралаған соң Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке облыстар мен қалалардың әкімдерімен бірлесіп, азық-түліктің қымбаттауына жол бермеуді, алып-сатудың алдын алуды, және тұрақтандыру қорын толықтыруды міндеттеді.

Авторы: Қорған Төреқожа ПТРК көмегімен

Хабар 24 телеарнасы