419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстаулықтар жаппай қан тапсырып жатыр

  • 474
  • UPD: 09:23, 13.04.2020

Бұған Ақтаудағы орталықта қан қоры тапшылығын айтып, ақ халаттылардың аймақ тұрғындарына үндеу жариялауы түрткі болған.

Медициналық ұйымдардың қызметкерлері алғашқы боп қан тапсырғандардың қатарында. Дәрігерлердің көпке үлгі әрекетін полицейлер жалғады. Аймақ спортшылары да сауапты іске жұмылып, орталыққа барды. Осылайша көпшіліктің қолдауымен аз уақытта донорлар саны көбейген.

Тепсе темір үзетін мына жігіттер – тұрақты қан тапсырып жүрген донорлар. Әрқайсысы қазақша күрес, дзюдо, самбодан қазақ елінің мәртебесін асқақтатқан палуандар. Мәселен, Манарбек Бисекенов былтыр Кипрде самбодан өткен жарыста алтын медаль тақты. Чемпионатқа халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері қатысқан. Ол спортқа баулып жүрген аймақ жастары да бапкердің үлгілі ісін жалғап, қан орталығына барып жатыр.

Манарбек Бисекенов, самбодан ұлттық дәрежедегі төреші:

– Осы жігіттер ұйымдасып, қан тапсырып жатырмыз. Бұған дейін де келіп жүрміз. Қорқатын ешнәрсе жоқ. Бір жағынан қан тапсырсақ, бір жағынан денсаулығымыздың қандай екенін тексертіп аламыз. Осы спортшылар сияқты кез келген маңғыстаулық тұрғын өз үлесін қосады, келеді деген сенімдеміз. Барлығыңызды қан тапсырып, басқаның өміріне араша түсуге шақырамыз.

Әдетте донорлық қан құрамын талдау бірнеше кезеңнен тұрады. Бірі зертханалық жағдайда жасалса, енді бірі мынадай медициналық қондырғы көмегімен атқарылады. Машина өз жұмысын аяқтаған соң мәлімет компьютерге беріледі. Монитордан көрініп тұрған ақпарды орталық қызметкері журналға жазады.

Қанның барлық топтарынан донорлық плазмаларды алу осындай технологиялардың көмегімен жүргізеледі. Яғни орталықта қан құрамын дайындау қызметі автоматтандырылған. Мұнда жұқпалы вирус, бактерия-бөртпелердің бар-жоғын анықтайтын заманауи үлгідегі зертхана да бар. Олармен жұмыс жасайтын мамандар арнайы дайындықтан өтіп келген. Бір түсінгеніміз, қазір аймақта тұратын донорлар саны 2,5 мыңнан асады. Бұл көрсеткіш әлі де аздық етеді.

Данагүл Шаданова, қан орталығының дәрігер-эпидемиологы:

– Қан орталығында қан тапшылығы болмауын, үзілмеуі бағытында донорларды әлі де шақыртудамыз. Автокөліктер бөлініп отыр, оларды үйінен әкеліп жатырмыз. Үйіне дейін жеткізіп саламыз. Дене қызуын өлшеу ұйымдастырылған. Одан кейін арақашықты сақтау ережелері сақталған. Болмаса оларды бетпердемен қамтамасыз ету деген сияқты санитарлық, эпидемиологияялық індетке қарсы шаралар күшейтіліп, жұмыс жүргізіліп жатыр.

Адам өміріне араша болуды ойлап, қан тапсыруға келген әр азаматты орталық ұжымы қуана қарсы алады. Айтуларынша, өткен айдан бері жүзден астам тұрғын сауапты іске өз үлесін қосыпты.  

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы