431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жемқорлық сипатындағы қызметкердің қылмысы үшін басшысы жазаланады

  • 328
  • UPD: 23:38, 28.04.2020

Енді қарамағындағы қызметкерлерінің жасаған қылмысына басшысы тікелей жауап береді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жемқорлық сипатындағы кемшілік анықталып, дәлелденген жағдайда жетекші бірден отставкаға кетеді. Бұл жөнінде Жамбыл облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында айтылды.

Күн тәртібінде саяси қызметшілердің дербес жауапкершілігі талқыға салынды. Енді өңірде қылмыс жасалғаннан кейін жазалағаннан гөрі оның алдын алуға ерекше күш салынбақ. Комиссия мүшелерінің пікірінше, жемқорлықты жою үшін бір ғана құқық қорғау органдарының құзыры жеткіліксіз. Онымен қоғам болып күресу қажеттігін айтады.

Қасымхан Төлендиев, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы штаб төрағасы:

- Мемлекеттік органдардың басшылары бұған тікелей жауап бергені нәтижелі болады деп отырмыз. Неге десеңіз, бұрын ол тек қана өз басын ойлайтын. Ал қазір ол бүкіл өзінің басқарып отырған ұжымды ойлайды. Басқарып отырған ұжымының жауапкершілігін ойлайды. Сондықтан оның, әсіресе, алдын алу жағына мән береді.

Аймақта жыл басынан бері сыбайлас жемқорлық сипатындағы 30-дан аса қылмыстық іс қозғалған. 28 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылып, қазір бірнеше іс сотта қаралып жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері мемлекеттік органдар ішкі тәуекелдерді жоймай, жемқорлық деректерін төмендету мүмкін еместігін айтады.

Әділхан Әшірбаев, ҚР СЖҚІҚ агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы:

- Қазіргі уақытта бірнеше іс сотта қаралып жатыр. Департаменттің құзырында бірнеше іс тергеліп жатыр. Қылмыстық жауапкершілікке тартылған тұлғалардың басшылары қазіргі уақытта өзінің жұмысынан кетуге мәжбүр болады. Соттың үкімі шығып, сол күшіне енгеннен кейін барып.

Бұл заң қазір күшіне енген. Жемқорлыққа жол бергендер заң аясында жазаланады. Жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кейбір басшылар жауапкершілікті әлі де жетік түсінбейтіндігін айтып, қатаң ескерту берді.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы