430,57 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Семей іргесіндегі бекеттер жұмысын жалғастыра береді

  • 486
  • UPD: 22:20, 18.05.2020

Семей қаласындағы тосқауыл бекеттері де жұмысын жалғастыра береді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірер күн бұрын ғана өңірдің біраз ауданы мен қаласында індетке байланысты шектеу шаралары жеңілдетілген еді. Алайда Семейдің өзінде қауіпті вирус жұқтырғандар көп болғандықтан сақтық шаралары 1 маусымға дейін өзгеріссіз қалдырылды.

Бүгінде қаладан 8 бағытқа шыға берістерде блок-посттар жұмыс істеп тұр. Полиция және медицина қызметкерлері күшейтілген тәртіпте тәулік бойы кезекшілік етуде. Орташа есеппен бекеттерден күніне мыңнан астам көлік өтеді. Олар транзиттік жүк тасымалдаушылар, шаруа қожалығының қызметкерлері немесе шұғыл түрде емделуге келген азаматтар. Ақерке Омарбекова 2-ші сәуірден бері осы бекетте әріптестерімен бірге тынымсыз қызметте жүр.

Ақерке Омарбекова, медбике:

– Ең бірінші мақсатымыз – осы инфекцияны қалаға кіргізбеу. Температура болған жағдайда ең бірінші анкета береміз, вирустық көрсеткіштер болған жағдайда экспресс тест аламыз. Егер теріс болса жібереміз, егер оң болып жатса 2 рет жасайды, екеуі де оң болса, онда жедел жәрдем шақырып, бригадамен жібереміз. Барлығы сақталған, санитарлық жағдай орындалған, барлық медперсоналдың бәрі қамтамасыз етілген. Ризамыз, сыйақымызды алдық, міне, сәуір айына алдық. Енді мамыр айыныкі келер айда түседі.

Сонымен қатар бұрын белгілі себептермен қаладан шығып кетіп, қайта оралған семейліктер де деректер базасы арқылы тексеріліп, үйлеріне орала алады. Жергілікті атқарушы билік пен індетпен күрес жөніндегі жедел штаб өкілдері жұртты уақытша қиындықтарға сабыр етіп, сақтық шараларын сақтауға шақырып отыр.

Айдар Садырбаев, қала әкімінің орынбасары:

– Тәртіпке бағынып, қойылған талаптардың барлығы бұлжытпай орындалатын болса, бәлкім ахуал тұрақтап жатса, шектеу шараларының да мерзімі қысқартылуы мүмкін. Бей-жай қарап, беймарал қалыпта жүріс-тұрысымызды шектемесек, жағдай бұдан да бетер ушығып кетпесіне кім кепіл? Іргемізде көршілес Ресей мемлекеті бар, одан да жерлестеріміз келіп жатыр, карантиндік жағдайда жатқан адамдарымыз бар, егер әрқайсы қоғам алдындағы жауапкершілігін сезініп жатса, жағдай қалыпты болады деп ойлаймын.

Қала ішінде жүріп-тұру да әзірге бұрынғыша қала береді. Яғни, жаяу жүргіншілер аптасына 3 рет қана рұқсат қағаз арқылы тұрмыстық қажеттілік үшін үйінен шыға алады. Ал жеке көлік иелері тіркеу нөмірінің соңғы санына сай жұп не тақ күндері ғана қозғалады. Еркіндік тек кейбір техникаға ғана қарастырылған. Олардың жұмыс орнынан анықтамасы мен бағыттық сызбасы болғанда көк не қызыл рұқсат қағаздар арқылы жүруіне мүмкіндік бар.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы