419,87 505.95 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда хабар-ошарсыз кеткен 153 бала іздестіріліп жатыр

  • 512
  • UPD: 21:07, 19.06.2020

Кез келген бейтаныс адамның аулада ойнап жүрген баланы ертіп кетуі үшін 20-30 секунд қана жеткілікті екен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Балғындардың басым бөлігі тәжірибе кезінде санаулы уақытта бейтаныс адамға еріп кете барған. Сондықтан мамандар ата-аналарға барынша абай болуды ескертіп отыр. 

Бүгінде Қазақстанда хабар-ошарсыз кеткен 153 бала іздестіріліп жатыр. Тіпті кейбірінің есімі жылдар бойы табылмағандар тізімінде тұр. Ал із-түзсіз кеткендерді заманауи технологияның көмегімен табу мүмкін бе?

Әлдебіреудің жетегінде кетті. Бір жерде тығып ұстап отыр. Қапыда баласынан көз жазып қалған ата-ананың ойы осылай сан-саққа соқтыратыны мәлім. Жүрегі алып ұшса да, жамандық шақырмауға тырысады. Тіпті шарқ ұрып, жылдар бойы іздесе де. 

Өкінішке қарай, Қазақстанда ұшты-күйлі жоғалған 153 бала әлі іздеуде. Солардың бірі –1996 жылы қарағайлы орманда жоғалып кеткен Ержан Сүйінжанов. Семей маңындағы санаторийде ем қабылдап жатқан бір топ баланы тәрбиешілер серуенге алып шығады. Сол кезде алты жастағы балақайдан көз жазып қалады. Содан бері 25 жыл өтті. Ержанның қайда кеткені әлі күнге дейін құпия. Бірақ туғандары өлдіге қимайды. 

Даниал Сүйінжанов, Е.Сүйінжановтың ағасы:

– Ержанымызды маңдайынан сүйсек екен. Ешкіммен таласпаймыз. Кіммен жүрсе де, кімнің қолында, қайда жүрсе де аман жүргенін тілейміз. Бірақ қан біздікі ғой, бір қасық болса да. Білгім келеді баламды, ұрпағымды... Сол үшін тағы да Үкіметке де барармын. Сенатқа да барармын. Таусылмайды, жүрегім сезеді.

Ержанның тірі екеніне туған әкесі соңғы демі үзілгенше кәміл сеніп еді. Баладан әлі күдерін үзбеген ағасы Даниал Сүйінжановтың іздеу салып, бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Нәтижесінде, баланың ісі ішкі істер министрлігі мен бас прокуратураның ерекше қадағалауына алынған.

Елубек Оспанов, қалалық ІІБ баспасөз хатшысы:

– Жалпы Сүйінжанов Ержанның жоғалу фактісі бойынша 2009 жылы ҚР қылмыстық Кодексінің адам ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі таңда осы іс өндірісте. Іздеу жұмыстары әлі жалғастырылуда.

Бес жыл бұрын ұшты-күйлі жоқ болған Владислав Шелер де әлі іздеуде. Жаңа жыл алдында әжесінің үйіне кеткен баланың жасы 9-да еді. Теміртауда баланы іздемеген жан қалмады. Солардың бірі – Ирина Борзаковская. Бұрың-соңды бұл іске атсалысып көрмеген ол бұл оқиғадан кейін арнайы волонтерлік ұйым құрады.

Ирина Борзаковская, волонтер:

– Бірде әкесінің баласына қарата жазған хабарландыруды көзім шалды. Онда ұлына достық сырғанағына келуді өтініп жазған екен. Жүрегім дір ете түсті. Әкесі мен баласының бірге талай уақыт өткізген орны деп түсіндім. Мұны оқыса, бала үйге қайтып келетіндей көрінді маған. Содан бұл жазбаға бей-жай қарай алмаған мен сол кезден бастап іздеу жұмыстарын ұйымдастыра бастадым. 

Адам тағдырына бей-жай қарай алмайтын Ирина сияқты волонтерлердің еңбегі ерен. Әдетте, жоғалған бала үш сағатта үй маңынан іздестіріледі. Нәтиже болмаса, шұғыл ақпар әлеуметтік желіде тарайды. Сөйтіп, іздеуге волонтерлар жұмылады.

Нұрділдә Ораз, ҚР ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы:

– Егер ол үш күннің ішінде және 10 күнде ешқандай нәтиже бермейтін болса, балаға іздестіру ісі ашылып, сол арқылы оған қылмыстық іс қозғалады.

АҚШ-та бала жоғалса, дабыл қағылып, ақпар бірден жергілікті арна, радио, мен ұялы телефондарға тарайды. Бұл жүйе 1996 жылы құрылған. Сол жылы Техас штатында 9 жастағы Эмбер есімді қыз ұрланып, өлітірген еді. Мұндай жағдай қайталанбас үшін Американың құзырлы органдары арнайы іздеу жүйесін іске қосады. Бүгінде Эмбер алерт бір мезетте дабыл қағып, баланың толық аты-жөні, қашан, қай жерде көзден таса кеткені хабарлайды. Қазақстандық IT маманының пікірінше, біздің елде де осыған ұқсас жүйе құру қиынға соқпас еді.

Асат Ашаманов, IT технологиялар маманы:

– Меніңше, біздің елімізде де мұндай жобаны қолға алуға болар еді. Ұялы телефонымызға күніге небір хабарлама кеп жатады ғой. Сол сияқты байланыс операторлары түрлі қызмет пен тауарды жарнамалай алса, баланың жоғалғаны жайлы неге шұғыл ақпар таратпасқа? Менің ойымша, қазіргі таңда ең оңай жолы осы болар еді.  

Құқықтық статистика комитеті келтіргендей, ұшты-күйлі жоғалғандар саны былтырғымен салыстырғанда 17 процентке кеміген. Дегенмен шетелдің озық тәжірибесі қолданылса, бұл көрсеткішті одан әрі азайтуға септігін тиер ме еді?

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Юлана Чаус

Хабар 24 телеарнасы