456,05 484,00 8,64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

ШҚО-дағы Өрнек ауылының әкімдігі тұрғындарға бие байлауға тыйым салды

  • 774
  • UPD: 22:54, 22.06.2020

Бие байлаймын десең, тау асып жайлауға көш.

Қатонқарағай ауданы Өрнек ауылының тұрғындарына жергілікті әкімдік осындай талап қойып отыр. Өйткені заң солай дейді. Ал қымыз сатып, нәсібін тапқан жұрт болса, кәсіпке қолбайлау болатын заң қайдан шықты деп аң-таң. Олар түліктен пайда таппасақ, ауылда қалай күн көреміз деп налиды.

Өрнек ауылының тұрғындарынан жаз басталғалы маза қашты. Өйткені ауыл ішінде бие ұстауға тыйым салынды.Қымыз саудасын қыздырып отырған бірді-екілі отбасы тығырыққа тірелді. Солардың бірі - Бақытжан Метченов. Ол бес жылдан бері бие байлап келеді. Күніне 40-50 литр қымыз алады. Соны сатып күн көреді. Енді ауылдық округтің әкім қаралары келіп күлтөбенің басында күнде жиын өткізетін болыпты. Айтатындары жайылымды құртпай жайлауға көшіңдер деген сөз.

Бақытжан Метченов, Өрнек ауылының тұрғыны:

- Бізге Күршімнің жайлауына барыңдар дейді, Күршім осы жерден 100 шақырым жерде. Ол жақққа барып қалай сауамыз.

Қымыз шелекке сауыла сап, қымыз бола салмайды дейді Бақытжанның жұбайы Зульфира. Оны жылы ұстап, уақытын өткізіп алмай пісу керек. Қысқасы бабы қиын. Одан соң дәмі тіл үйіріп тұрған сәтте тұтынушыларға өткізу қажет.

Зульфира Нұрғалиева, Өрнек ауылының тұрғыны:

- Жайлауға шығу қиын бізге,тиімді емес, оны жайлаудан алыстан түсіру керек, өткізу керек, үйден ешкім алып кетпейді, жүгіріп өткізбесең.

Талай жылдан бері бұл іспен тыныш қана айналысып келген өрнектіктер ауылдың жайлаудан қай жері кем деп таңданады. Бұл жаңалық кәсіпке енді кірісе бастаған жастарды да шошытып тастапты.

Ерасыл Ризиденов, ауыл тұрғыны:

- Ауылда мектеп жоқ, жабылып қалған, әкімдік жоқ көрші ауылда, былай қарасаң, біздің ауылдың өзі жайлау.

Әкімдер ауыл маңындағы жайылым жер азайып кеткен. Шабындық таусылып барады деген уәж айтты. Өйткені сауынды мал көбейген. Тіпті жұрт сиырына шөп таппай, сенделуде екен. Мұндайда жайылымдарды беру және пайдалану тәртібіне бағынбасқа болмайды деп санайды олар.

Қайрат Нұрқанов, Белқарағай ауылдық округінің әкімі:

- Өрнек ауылы 500 гектар жерге, сол жердегі 384 бас сиырды жайғанға заңмен шектеулі норма бар. Сол нормамен екі-ақ айға жетеді жер. Соны барлық қымыз сатып отырғандар қырықтан, отыздан, оннан бие байлап, елді мекен жеріне биелерін жайып отыр.

Кейінгі уақытта жылқысын жекенің жеріне түсіріп жіберетін жағдайлар жиілепті. Салдарынан шаруа қожалықтарынан шағым көп. Сондықтан заңға бағынбасқа амал жоқ дейді әкімдік мамандары. Жайылым жерге жүктеме түсірмей, бие байлағандар жайлауға қоныстануы керек. Бірнеше ауылдағы ағайын бұған құлақ асып, көшіп те кетіпті.

Өскемен-Рахман қайнары тас жолы бойынан мына Өрнек ауылы бар болғаны 3 шақырым жерде.Сондықтан қымызды ауылдың өз басынан сатқан тиімдірек әрине. Алайда жылқы малының көп болуы көлік қозғалысына да қауіп төндіреді дейді мамандар.

Тас жолдың бойында өріген жылқыда қисап жоқ. Оған өзіміз де куә болдық. Полиция берген мәліметке сай биыл жыл басынан бері малмен соқтығысу салдарынан 29 көлік апатынан 8 адам жараланған. Ал осы Қатонқарағайда екі оқиға болып, бір адам көз жұмған. Көлік жүргізушілері үшін жолдан өту бір сынақ іспетті.

Александр Апрельский, көлік жүргізушісі:

- Күндіздің өзінде қарап жүрмесе болмайды,кез келген жерден шыға келеді, өзіміз де бір рет аударылып қала жаздадық. Бір әріптестеріміз жолдан ұшып кеткен жағдай болған.

Осылайша Өрнектегі өзекті мәселенің бір мәні осында. Аудан басшылары бие байлағандар жайлауға көшпесе шара қолданамыз деп отыр. Ал ауылдықтар бұл заңның түбі өлкедегі жұрттың үдере көшуіне түрткі болуы ықтиымал дейді.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы