427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Biz birgemiz» форумы аясында БАҚ өкілдері марапатталды

  • 350
  • UPD: 21:42, 23.06.2020

«Біз біргеміз» форумы аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де марапатқа ие болды. Олардың арасында арнамыздың бірқатар аймақтағы тілшілері бар. Елімізде вирус тарап, төтенше жағдай жарияланғанда әрқайсысы өңірдегі жағдайды үздіксіз хабарлаумен болды. Әлемді жайлаған індеттің қауіптілігін алдымен өзге емес, өздері түсінсе де қалың көрерменді сақ болуға үгіттеп келеді. 

«Халық алғысы» медалін ақтаулық әріптесіміз Гүлмира Әбішева де кеудесіне тақты. Маңғыстау өңіріндегі тілшілер қосыны пандемия тарала бастаған сәттен-ақ көпшілікке тікелей эфирде ақпарат беруге жұмылды. Түсірілім тобымен бірге науқастар жатқан провизорлық орталыққа кіріп, алғашқылардың бірі болып дәрігерлермен сұхбаттасқаны әлі күнге дейін қалың көрерменнің есінде. Коронавируспен күресте абзал жандармен алғы шепке шығып, жеке басын қатерге тіккен Гүлмира Әйткенқызы бұл награданы ұжымдастарының ортақ жеңісі деп санайды.

Гүлмира Әбішева, «Хабар 24» телеарнасының тілшісі:

- Қазақстанда ең бірінші болып біздің Ақтауда ауруханада жазылып шыққан оралдық азамат сұхбат беруге келісті. Соған қуанып, микрофонымызды құшақтап, жүгіріп бардық. Ол кісімен тілдестік. Сол сұхбаттан кейін әлеуметтік желіде, телефоныма түрлі жазбалар келді. Неге барасың, қауіпті емес пе, отбасыңды ойламайсың ба деген сияқты. Өзім қорқып отырған басым әрі қарай уайымдап, 2-3 күнге дейін өз-өзіме келе алмай жүрдім. 

Мемлекеттік наградаға Алматы облысындағы меншікті тілшіміз Гүлнар Жантасова да ие болды. Ол пандемия жарияланған тұстан бері аймақтағы эпидемиологиялық ахуал туралы жүзден аса материал дайындаған. Талай рет тікелей эфирге де шығып, өңірдегі жағдайды шынайы ақпаратпен жеткізді. Күн-түн демей, көпшілікке хабар таратқан әріптесіміз бүгін 9 алматылықпен бірге «Біз біргеміз» онлайн форумына аясында марапатталды. 

Гүлнар Жантасова, «Хабар 24» телеарнасының тілшісі: 

- Телевидение – бұл ұжымдық жұмыс. Мысалы, бір сюжет жасау үшін оператор, бейнеинженер, тағы басқа мамандар атсалысады. Сондықтан «Халық алғысы» атты марапат ұжымның еселі еңбегінің нәтижесі деп білемін. 

Індетпен күресте тайынбай, ерекше табандылық көрсеткен Жамбылдағы әріптесіміз Руслан Бақытбекұлының да еңбегі елеусіз қалмады. Меншікті тілшіге  «Халық алғысы» медалі табыс етілді. Әулиеата өңіріндегі тілшілер қосыны күрделі кезеңде жұмыла жұмыс істеген еді. Олар қауіп-қатерге қарамастан, қалың көрерменді дереу ақпаратпен қамтып отырды. Онлайн шара барысында кеселге қарсы тұра білген батыл жандардың қызметі ерекше аталып өтті. Қауіптің әлі де сейілмегендігі айтылды. 

- Әлі де болса көп біздің жерлестеріміз соны түсіне алмай жүр. Бізге керегі сол адамдарымыздың өмірі, денсаулығы. Сондықтан менің сіздерден сұрайтыным. Осы жағын кішкене көбірек халыққа түсіндіріп айтыңыздар. Мына жағдайға байланысты айтып тұрғаным. Тағы да мына марапттарыңыз құтты болсын. Еңбектеріңіз бар. Ең негізгісі еліміз аман болсын! 

Жалпылай алғанда бүгін мемлекеттік награда әлемді жайлаған дертке қарсы күресте сүбелі үлес қосып жатқан жандарға берілді. Олардың қатарында, дәрігерлер, полиция қызметкерлері, волонтерлар, әскерилер мен өзге де сала өкілдері де болды.

Авторы: Әнуарбек Мырзатайұлы

Хабар 24 телеарнасы