418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шамдарды жағамын дегенше елдің сенімі «сөнетінге» ұқсайды...

  • 234
  • UPD: 22:19, 03.07.2020

Солтүстік Қазақстан облысындағы Горное ауылында жаңа шамдар жанбай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр елді мекеннің барлық көшесіне 57 бағана орнатылып, жарық тартылған. Ол үшін облыстық бюджеттен 26 млн теңге бөлінген. Алайда тұрғындар әлі күнге өркениеттің игілігін көре алмай отыр.

Горное ауылы Жамантаудың баурайында, тас жолдың бойында тұр. Жердің асты тұнып тұрған табиғи тас. Былтыр 3 көшеге жарық тартылып, тұрғындардың төбесі көкке жеткен еді. Бірақ  жарқырап жанбады.

Еркебай Қасенов, Горное ауылының тұрғыны:

– Былтыр қойды. Содан бері міне, светіміз жоқ. Ауыл қараңғы. Оқушылар жүреді. Мынау жанымызда Жамбыл ауылы бар. Онда қыстың күні қиын ол жерлерде жүру. Қараңғы. Балаларға қорқынышты әрине. Кішкене жақты 10 минуттай. Сосын жоғалды.

Елді мекенде 34 үй бар. Ал шамдар – 57. Тіпті, ауыл шетінде жалғыз тұрған мына бір үйге дейін де бағаналар қойылып, жарыққа қарық қылды. Тұрғандарынан не пайда? Көшелер қараңғы. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

– Горное ауылында жарық түгілі су да жоқ. Осыдан 4 жыл бұрын мына бір су стансасын келіп, ресми түрде ашып, жаңалықтардан көрсеткен едік. Екі жыл бұрын фильтрі сынып, жұмыс істемей тұр.

Су тарату стансасын салуға 40 млн теңгедей жұмсалған. «Қомақты қаржы құмға құйған судай кетті», - деп қынжылады қара халық. Қазір олардың күні қайтадан құдыққа қарап отыр.  

Күләш Сәдуақасова, Горное ауылының тұрғыны:

– Енді қазір ауылда су жоқ. Суды кімде, кімнің үйінде құдық бар. Соларменен сөйлесіп, солармен су алып, солардан ішіп отырмыз.

Жергілікті билік өкілдері жағдайдан хабардар. Олардың айтуынша, бұл ауылда шамдар өте көп. Сондықтан артығы алынады. 

Қайрат Имантаев, Есіл аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Шамдардың бір бөлігін алып тастаймыз. Адам тұрмайтын жерлерді жарықтандыру шығын. Қазір керегі 15 – 19 шам. Ал су стансасы істеп тұр. Тұрғындар өздері алмайды.

Шенеуніктер шамдарды санап жүргенде жұрт жарыққа жарымай отыр. Бір жыл тұрған шамдар жанғанша елдің сенімі сөніп барады.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы