422.87 509.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбылдық жылқышы әйелдің еңбегі көпке үлгі

  • 670
  • UPD: 21:33, 07.07.2020

Жамбыл облысы Талас ауданында жылқышы әйел тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаратау қаласының тұрғыны Фариза Әлібекова қамбар ата түлігін өсіруді былтыр қолға алды. Ол «Еңбек» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, бүгінде ата кәсіпке ден қойып отыр. Қазір қымыз сатып пұл қылып, қосымша табыс тауып жүр.

Фариза Әлібекова несие алмас бұрын кәсіпкерлік негіздерін бір айдай оқыған. Мемлекеттік бағдарламаның талабы сондай. Әйтпесе жылқы бағып, бие сауу жастайынан істеп үйренген ісі. Сертификат қолға тиген соң, алты жарым жылға 4 миллион теңге несие рәсімдеп, 10 бас жылқы сатып алған. Биыл алғашқы төлін алып, сүтін сусын етіп пайда тауып отыр.

Фариза Әлібекова, Қаратау қаласының тұрғыны:

– Бір жыл демалыста айналдырып алдық. Биыл малдарымыздың бәрі төлдеді. Қыста жем-шөбіміздің бәрі бірге берілді ақшасы. Оған толық жинап алдық та жақсы жетілдіріп алдық. Тамызда төлдерін сатып, несиеден құтыла береміз.

Жылқышы әйелдің тірлігі көпке үлгі. Алты бала тәрбиелеп жеткізген көп балалы ана «Бақытымды еңбектен таптым» дейді. Қазір шаруашылықта кенжесі қолғабыс етіп жүр. Жас бақташы малды тың тәсілмен бағады.

Марлен Жәкежанов, Қаратау қаласының тұрғыны:

– Өріске барып жайғанда жылқылар алысқа кетіп қалса соны қайырып, жақындатып, үйге ұзап кетпеуін қадағалап барамын. Соған бір жақсысы – мотоцикл. Бензинге де шығын жоқ.

Қазір кәсібін кеңейтуге жер қарастырып жатыр. Әзірге қала сыртына уақытша киіз үй тігіп, малын бағып отыр. Болашақта шаруақожалық ашып, құс шаруашылығын да қатар дамытсам дейді. Жақында 252 мың теңге грант жеңіп алды. Қаражатқа етті бағыттағы 50 бас түйетауық алып, жаңа істі қолға алды.

Фариза Әлібекова, Қаратау қаласының тұрғыны:

– Грант берілді сізге, түйетауыққа аласыз ба деді. Жарайды аламыз дедік. Ақыры мал асырап сыртта отырғаннан кейін мұның да пайдасын көрейік дедік. Ешқандай қиындығы жоқ. Жем-шөбін беріп, қарасаңыз болды.

«Еңбек» бағдарламасы аясында 50 адамға несие алуға жолдама берілген. Жыл басынан бері 23 азамат қаржылай қолдауға қол жеткізіп, 101 миллион теңге үлестірілді. Сонымен қатар 120-ға жуық тұрғынға қайтарымсыз грант беріліп отыр.

Айтолқын Әбдібекова, Талас аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Біздің қазіргі беріп жатқан мемлекеттік гранттың 50 проценті мал шаруашылығына. Өйткені ауылды елді мекендерде негізінен соған алады. 2020 жылға 186 азаматқа 98 миллион 600 мың теңге қаралған. Қазіргі таңда 119 адам 65 миллион 700 мың теңге көлемінде мемлекеттік гран иегері атанды.

Талас ауданында соңғы алты айда 827 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 768 азамат қоғамдық жұмысқа тартылған. Бүгінде ауданда жұмыссыз ретінде тіркелген 900-ден астам тұрғын бар.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы