420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҰҰ-ның 75 жылдығына орай елордада киізден алып пішін жасалды

  • 340
  • UPD: 13:42, 08.07.2020

193 мемлекеттің басын қосып отырған Біріккен Ұлттар ұйымына биыл 75 жыл, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы аралықта ұйым бүкіл әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, ұлттар арасындағы достық қатынастарды дамыту бағытында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарды. Айтулы датаға орай Біріккен Ұлттар ұйымының Қазақстандағы өкілдігі Нұр-Сұлтан қаласында арнайы іс-шара ұйымдастырды.

Математикалық шексіздік белгісіндегі мына пішінді жасау кезінде 193 шаршы метр киіз қолданылған. Әрі ол басқұрмен көмкеріліп, безендірілген. Үш шеңбер әйгілі итальян суретшісі Микеланджело Пистолеттоның «Үшінші жұмақ» туындысын білдіреді.

Норимаса Шимомура, БҰҰ Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі:

– Алғашқы шеңбер адам мен табиғат, екіншісі адамзат қолымен жасалған технологиялар, ал үшінші шеңбер қоршаған ортамен өзара үндестікті сипаттайды. Осындай қиын кезеңде бірлік пен ынтымақтың арқасында «Үшінші жұмақ» көрмесі ұйымдастырылып отыр. Одан не ұғамыз? Өзара түсіністік пен татулық болса, коронавирусты еңсеруге қауқарымыз жетеді.

Біріккен Ұлттар ұйымының 75 жылдығы үлкен сынақ кезеңіне сәйкес келіп отыр. Егер ұйымға мүше барлық мемлекет тұрақты даму мақсаттарын сәтті жүзеге асыратын болса, жаһандық індетті жеңеді, дейді ұйымдастырушылар.

Эльнара Байназарова, БҰҰ Қазақстандағы баспасөз хатшысы:

– Жалпы, инсталляцияның басты мақсаты, мерейтой ғана емес, ең алдымен жалпы тұрақты даму мақсаттары, адамзаттың әлеуметтік-экономикалық дамуы, постиндустриалды деңгейде, коронавирустан кейінгі әлемде жалпы ғаламдық дамудың қарқыны қандай болады, оның ішінде адамзаттың рөлі қандай болатынына ой жүгіртуге, осындай бір үндеу салатын ерекше арт инсталляция.

Айта кетейік, итальян суретшісі Микеланджело Пистолеттоның «Үшінші жұмақ» туындысы Қазақстанда тұңғыш рет таныстырылып отыр. Бұған дейін ол әлемнің бірнеше елінде өткен. Шексіздік пішінін олар да өздерінің ұлттық ерекшеліктеріне байланысты жасаған болатын. Нұр-Сұлтан қаласындағы бұл пішін жаз бойы тұрады дейді ұйымдастырушылар.

Авторлары: Достық Талғатұлы, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы