418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Індет салдарынан зардап шеккен 3 мыңнан астам шаруаның несие төлемі кейінге шегерілді

  • 173
  • UPD: 22:50, 09.07.2020

Коронавирус індеті салдарынан зардап шеккен шаруалар несие төлемдерін кейінге шегере алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазірдің өзінде 3 мыңнан астам адам сомасы 9 жарым миллиард теңгені құрайтын қарызының мерзімін ұзартып алған. Тағы 184 шаруа өтініштері оң шешімін табады деген үмітте.

Коронавирус пандемиясының кесірі еліміздің ауыл шаруашылығы секторында да байқалып отыр. Сол себепті жауапты ведомство мен «ҚазАгро» холдингі шаруаларға қаржылай қолдау көрсетіп жатыр.  Нәтижесінде салада жүрген 9 жарым мың отандасымыз өз жұмыс орындарын сақтап қалды. Тағы 200-ге жуық шаруа 2,2 миллиард теңге қарызын төлей алмай, көмек күтіп отыр. Жаңа несие алам дегендер де аз емес. Бұл үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры кепілдік беретін болады. 

Асылхан Джувашев, «Қазагро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы:

– Біз несие беру үдерісін барынша жеңілдетуге тырысып жатырмыз. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында шағын несиелерді алуға өтініштерді электронды түрде қабылдайтын боламыз. Нәтижесінде оларды қарастыру мерзімі 3 сағатқа дейін қысқаруы мүмкін. Сондай-ақ, несие берудегі кепілдік саясатын өзгерттік. Енді кепілге алынатын жер мен мүлікті барынша қымбат бағалайтын боламыз. Сондай-ақ, қарыз алушы алдағы уақытта иеленетін мүлкін де кепілге қоям десе, оны қабылдаймыз.

Індетке байланысты шектеулерге қарамастан шаруалар жанар-жағармай, тұқым және қажет техникамен қамтамасыз етілді. Минералды тыңайтқыш тапшылығын болдырмау үшін сомасы 26 миллиард теңгеден астам субсидия бөлінді.  Егістіктерді арамшөптен қорғау мақсатында да қомақты қаражат жұмсалды.

Айдарбек Сапаров, ҚР ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары:

– Биыл алқаптарды қорғау құралдарын сатып алуға 37 миллиард теңге көзделген. Бұл қаржы есебінен 16 жарым миллион литр пестицид субсидияланады. Нәтижесінде 15,2 миллион гектар жер химиялық өңдеуден өтеді.

Шегірткенің түр-түрімен де күрес күшейтілді. Ол үшін республикалық және жергілікті бюджеттен 1 жарым миллиард теңге бөлінген. Зиянкестердің ошағын анықтау мақсатында егіс алқаптарына 570 автокөлік шығарылады. Мыңнан астам адам аумақты GPS трекерлермен тексереді.

Алмабек Марс, ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы:

– Бүгінде 165,8 мың гектар жер  өңделді. Олардың шекаралас мемлекеттерден келуін болдырмау мақсатында Ресей, Қытайдағы әріптестерімізбен бірігіп күрес жүргізіп жатырмыз.

Айта кетейік, биыл егістік алқабы 22 миллион гектардан асты. Былтырмен салыстырғанда бұл 238 мыңға көп. Түрікстан, Жамбыл және Алматы облыстарының шаруалары егін жинауға кірісіп те кетті. Ал Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола өңірлері бұл жұмысты тамыз айының ортасында бастайды.

Авторлары: Дариға Ташенова, Саид Исмаилов

Хабар 24 телеарнасы